«Ауыл – ел бесігі»: дербес бюджет дем бермек
«Nur Otan» партиясының XVIII сьезінде Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жобаны іске асыруды тапсырған болатын. «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл – әкімшіліктердің міндеті», – деді Елбасы.
Қарасу ауданында «Ауылдық округтерді оңтайландырудан бірінші басшылардың жауапкершілігіне дейін» тақырыбында кеңейтілген дөңгелек үстел өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов пен мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Салауат Мүксімов, сондай-ақ барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауылдық округтер әкімдері қатысты. Ерлан Спанов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген бағыттарға тоқталды. Жолдауда айтылған ілкімді жобалардың бірі – «Табысты аймақ – мықты ел». Бұл тұжырымдама «100 нақты қадам: Барлығына арналған қазіргі заманғы мемлекет» ұлттық бағдарламасының жалғасы саналады.
Ал мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Салауат Мүксімовтің сөзінше, қойылған міндеттерді іске асыру үшін жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізудің маңызы зор.
– Қазіргі уақытта облыста ауылдар мен ауылдық округтерді оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс әкімшілік шығындарды азайтуға ғана емес, дербес бюджетті тиімді енгізуге де ықпал ететін болады. Жолдауда қойылған міндеттер белгіленген мерзімде мүлтіксіз орындалуы тиіс. Оларды сапалы іске асыруға дайын болуларыңыз керек! – деді С.Мүксімов ауыл әкімдеріне қарата.
Қостанайда 2018 жылдың қаңтар айынан бастап 2 мың адамнан астам халқы бар 45 ауыл мен ауылдық елді мекендерде дербес бюджеттер енгізілді. Қалған 195 ауылда дербес бюджеттер 2020 жылдан бастап жұмыс істей бастайды. Алайда, қазір аудандық деңгейде ауылдық бюджеттердің көрсеткіштерін қалыптастыру жүргізілуде. Ауылдық округтерді оңтайландыру олардың қызмет тиімділігін арттыру мақсатында бюджеттің дербес деңгейіне көшуді алғашқы болып Қарасу ауданының әкімдігі бастады.
– Бұл қайта ұйымдастыру ауылдық округтердің санын 19-дан 13-ке дейін азайтуға, кадрлардың сапалық құрамын жақсартуға, ауыл және ауылдық округтердің мамандары арасындағы жүктемені сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауылдарда бюджеттің 4 деңгейі енгізілуіне байланысты барлық мемлекеттік қызметшілерге қызметтік міндеттерін сапалы орындауға, жұмыс уақытын тиімді пайдалануға септігін тигізеді, – деп атап өтті Қарасу ауданының әкімі Виктор Ионенко.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спановтың айтуынша, мұндай тәжірибені облыстың басқа өңірлерінде қолдану жоспарланып отыр. Жиында белгілі болғандай, болашағы зор ауылдарды дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасына үш жыл ішінде 90 млрд теңге бөлінеді. 1,5 мыңға жуық ауыл қамтылады. Бұдан басқа, моноқалалар мен шағын қалаларды дамытуға жылына 10 млрд теңге бөлінеді. Бұл өңірлерде 100-ге жуық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу немесе қайта құруды қамтамасыз етеді.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ