Тасқынға дайынбыз ба?
Облыс әкімдігінде өткен аппарат жиналысында алдағы су тасқынына дайындық барысы талқыланды. Онда облыстық ТЖД басшысы Т.Кәкімов құтқару жасақтары мен азаматтық қорғау бөлімшелерінің дайындығы туралы баяндады.
Департамент басшысының сөзінше, су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шараларын түсіндіру мақсатында тұрғындармен 83 жиналыс өткізіліп, 46 рейд жұмыстары жүргізіліп, ұсыныстар берілген.
-“Қазгидрометтің” мәліметі бойынша ағымдағы жылы қардың биіктігі 27 см құрап отыр, бұл нормадан 135 пайызға және өткен жылмен салыстырғанда 6 см.-ге жоғары. Әсіресе, облыстың 8 ауданында, яғни Аманкелді, Жанкелдин, Меңдіқара, Қарабалық, Сарыкөл, Қарасу, Ұзынкөл, Майлин аудандары мен Арқалық қаласында қар мөлшері былтырғыдан едәуір көп. Бүгінге дейін елді мекендер аумағынан 658,6 мың текше метр қар шығарылды. Дегенмен, Науырзым мен Әулиекөл аудандарында қардан тазарту жұмыстары ұйымдастырылмаған. Қазіргі таңда төтенше жағдай қызметкерлері аудан әкімдіктерінің өкілдерімен бірлесіп, ауылдық округтердің су тасқынына дайындығын тесеруге кірісті. Жыл басынан бері жергілікті полиция қызметі де іргелес аумақтарды қардан тазарту бойынша 247 ескерту жасаған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, – дейді Т.Кәкімов.
Денсаулық сақтау басқармасымен шұғыл көмек көрсету мақсатында су тасқыны қаупі бар деген аудандарда жүкті әйелдердің саны тексерілуде. Биыл да 98 елді мекен су тасқыны қаупі жоғары аймақтар тізіміне алынып отыр. Сондықтан, құрамында жалпы саны 3,5 мың адам, 772 бірлік техника, 98 жүзу құралы бар азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының тобы құрылды. “2017-2020 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар кешені” Жол картасын іске асыру аясында жалпы сомасы 800 млн теңгеге 30 іс-шара өткізілген.
Табиғи ресурстар басқармасының мәліметтері бойынша облыс аумағында 99 гидротехникалық құрылыстар орналасқан, оның ішінде 7-і республикалық, 81-і коммуналдық меншікте, 11-і жеке, ал иесіз және апатты гидротехникалық құрылыстар жоқ. 1 ақпандағы жағдай бойынша Жоғарғы Тобыл, Қаратомар, Желқуар, Жоғарғы Шортанды су қоймалары 58,5 пайызға толы көрінеді. Бос сыйымдылық 580,9 млн текше метрді құрайды. Су тасқынының алдын алу және жою үшін шамамен 130 тоннадан астам жанар-жағар май қоры дайындалған. 10 мың тонна инертті материалдар, 42 мыңнан астам қап дайындалып, зардап шеккен халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге 47 келісімшарт жасалған. Департамент басшысының айтуынша, 25-26 ақпанда облыстың барлық аудан, қалаларында Төтенше жағдайлар комитеті өкілінің қатысуымен “Көктем-2020” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарланып отыр.
Дегенмен, облыс әкімі А.Мұхамбетов сала мамандарына жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын әлі де белсенді жүргізуді қадап тапсырды.
Қарлығаш ОСПАНОВА