Сағынғали Сейдин: “Мәдениет – қоғам қазынасы”

Әр өңірдің рухани дамуы мәдениет саласымен тығыз байланысты. Облыстың оңтүстігіндегі Амангелді ауданында бұл бағытта едәуір жұмыс игерілген. Оның бір ғана дәлелі – алғаш рет 1000 домбырашының бір мезетте күй орындауы. Бұдан бөлек нешеме шара биылдың жоспарында тұр. Ауданның мәдениет саласының кешегісі мен бүгіні туралы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сағынғали Сейдинмен әңгімелескен едік.
fullimage15
– Аудан мәдениетінің ілгері шыққан уақыты өткен ғасырдың ортасы десек, алдымен халық театры жайында сөз етеміз. Театр ұжымы аудан мәртебесін шет елдерге шығарған. Күні кеше республикалық  әзіл-сықақ театрлары фестивалінде жақсы бағасын алды. Әңгімені осыдан бастайықшы.
Сәт ақын, Құтжан ақындар өнердің ізін салған Батпаққара өңірінің мәдениеті дамып, шарықтап келеді. Бұлай деуге толық негіз бар. Әрине М.Қапышев атындағы халық театрының аудан мәдениетінде, тұрмысында алатын орны ерекше. Театр құрылған күннен бастап халқына тынбай қызмет етіп, өнер шаңырағының туын желбіретіп келеді. 1960 жылы ұжымның еңбегі бағаланып, «Халық театры» атағы берілді. Сөйтіп, театр өнер сүйер халықтың басын қосатын тәрбие орнына айналды.
токеен
Сол уақытта  мәдениет ошағында Қазыбек Әбенов, Ақан Нұрманов, Сәт Есенбаев, Құтжан Қанжығалин, Төкен Елтебаев, Кәки Аханов, Қайыржан Мақанов, Байқоныс Мұхамбетжанов, Орынбасар Ысмағұлов, Орынбасар Тұрашев, Қантай Тұрсынова, Алтын  Абылова, Еренғайып Әбдіхалықов сынды аға буын еңбек етіп, халықты өнерімен тәнті етті. Шынында «Халық театры» атағы «Ақан Сері-Ақтоқты» спектаклі арқылы келді. Бұл туындыға ұжым әртістері ұзақ дайындалып, ақыры елдің көкейінен шықты. Сол уақытта мәдениет бөлімінің басшысы, есімі елге белгілі ағамыз Уәли Хайруллин болатын. Кейін ауданымыздың өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Аманбай Мұқышев бірнеше ансамбль шығарып, домбыра үйірмелерін ашып, жас ұрпақты дұрыс бағытта тәрбиеледі. Әнуар Боранбаев сынды сахна саңлағын тәрбиелеген ұстаздың есімі аудан тарихында алтын әріппен жазылып қалады. Аудандық  мәдениет үйі халық театрының режиссері, кейін әдіскері болып қызмет атқарған Лиза Мизамбаеваның еңбегі көп. Лиза Таутанқызы 2000 жылдан бастап  жасөспірімдерді әншілік өнерге баулу, шығармашылығын дамытуды қолына алған. Аудандағы «Ақжелкен» әншілер байқауын  алғаш  ұйымдастырған да осы кісі. Қазір Жеңіс Ақния, Айару Орманова, Айгерім Мұхамбетжанова, Айдана Өміржанова, Асылжан Өміржан, Лана Сапина, Санжар Зәкіров, Ерназ Қабдыхамитов, Ғанибет Есетова, Аяулым Ақмырза сынды шәкірттері жоғарғы жетістіктерге жетіп жүр.
fc608d45-25ad-498a-977d-39af6037c5ed
Сағынғали Зәкірұлы, ауданның мәдениет саласында бірнеше білікті басшы болды. Өзіңіз де осы жолға түстіңіз. «Маэстро» атанып кеткен Сапарғали, Айтан ағалармен байланысып тұрасыз ба?
– Әрине, ағалардың ақыл-кеңесі ауқымды шараларды ұйымдастыру кезінде аса қажет. Олар – бұл саланың «жілігін шағып, майын ішкен» адамдар. Бірнеше өнер иесін тәрбиелеп, мәдениет бөлімін басқарған Сапарғали Ахметжановтың еңбегі ерекше. 1974 жылы аудандағы музыка мектебін ашып, оқушылар оркестрін ұйымдастырды. Еңбегі еленіп, Қазақстанның мәдениет қайраткері, ауданымыздың құрметті азаматы атанды.  Сапекең шәкіртіне жанашырлық көзқараспен қарап, өнерді бағалауға үйретті. Туған жері Ақсай ауылдық мәдениет клубының материалдық базасын жаңартуға демеушілік жасады. Сонымен қатар, аудандық саз мектебінде баян сыныбы кабинетін ашып, демеуші болды. Туған жерге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деген – осы. Қазақтың дәстүрлі әнін шарықтатып, нәшініне келтіре орындап, әдемі даусымен елдің алғысына бөленген Айтмұханбет Сейдахметовтің алар орны ерек. «Амангелді ауданының Құрметті азаматы» атағын алған өнер қайраткері Қалибек Деріпсалдиннің «Торғай толқыны», «Көктем гүлі» ансамблдері қандай еді?! Қазір елге танымал ағамыз Қостанайдағы «Мирас» ұжымында қызмет атқарады. Ауданымыздың мәдениет саласына Қазақстанның құрметті журналисі Хамитбек Мұсабаев айтарлықтай үлесін қосты. Кейін аудандық мәдениет саласын жеті жылдан артық басқарған Мұрат Дихамбаевты атап өтуге болады. Осы жылдар арасында ауданымыз бірнеше дүркін облыстық жарыстардың жеңімпазы атанды. 1990-2014 жылдар арасында мәдениет үйін бірнеше жыл басқарған Жұлдызайым Олжағұлова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тағынды. Мәдениет саласында жас ұрпақты өнерге баулып, елге атымызды шығарған Ғазиза Жұмекенова, Ботагөз Дүбірбаева, Шара Мүсілова,  Жангелді Байкенов, Гүлшат Қажығалиева, Гүлнар Үсенова, Ғалымжан Құрманов,Ерхан Түсіпбаевтардың есімін айту парыз.
fullimage20
– Үлкен өнер иесі Сапарғали Ахметжанов бір сұхбатында: «Амангелді ауданының мәдениетімен бірге Айтбай ағамыздың есімі қатар аталады», – деп еді.
– Бұл – өте орынды теңеу. Айтбай Мұздаханов тек ауданның емес, күллі қазақтың мақтанышына айналды ғой. Венгрия, Қытай, Түркия, Англия, Ресей, Франция, Израиль елдеріне барып, қазақтың күй өнерін насихаттап келді. Қателеспесем, 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында А.Мұздаханов атақты Нұрғиса Тілендиевпен танысады. Сол сапарында ол Мұздахановтың күйлерін тыңдап, бағасын берген.
fullimage10
«Айтбай күй төккенде тыңдаушыға не жылау керек, не рахаттанып қуану керек, бей-жай қала алмайды екенсің. «Көкейкесті» деген бірнеше циклды күйің бар. Қабаттастырып қайтесің. Мына күйде зар тұнып тұр, оны «Айтбайдың сарыны» деп тарт», – деген екен Н.Тілендиев.
Өзінің алғашқы күйі – «Амангелді дүбірін» халық батырына арнап еді. Осы күйді батыр тойы қарсаңында жұртшылыққа тағы бір мәрте ұсынды. Айтбай аға 70-тен астам күй шығарып, 40-тан астам ән жазды. Соның ішінде «Елім-ай», «Қаратау», «Бозтайлақ», «Тархан баба», «Сейітқұл аңызы», «Ару арман», «Нарқыз», «Жұбату» күйлері мен «Аяулы ана», «Байғабылда бір бала», «Балбөбек», «Шынарым»,  «Дархан дала» әндері жеке жинақ болып, баспадан шықты. Қызы Анар Мұздаханова – «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік филармониясының ұлт-аспаптар оркестрінде домбырашы. Бір өзі бір тақырып болатын Мұздахановтар әулетінің ізін Медет Шайкелов, Шахаризат Сейдахмет, Нұрболат Арзамас, Зируза, Ақтоты Садуақасова, Нұрболат Садықов, Іңкәр Жаңбырбай сынды өнерпаздар жалғастырып келеді.
20171006_133449
– Аудандық ұлт-аспаптар оркестірінің тынысы қалай? Сонымен бірге «1000 домбырашы» туралы айтып өтсеңіз.
– Оркестр 1968 жылы мәдениет үйінің жанынан құрылды. Оркестрдің алғашқы көркемдік жетекшісі  – белгілі музыкант, ұстаз Төкен Елтебаев. Ұлт аспаптарын меңгерген ұжымының репертуары өте бай. Халық күйлері, халық әндері, шетел және Қазақстан композиторының шығармаларын орындайды. Оркестр «Халықтық» атағын алғашқы рет 1972 жылы қорғады. Бүгінде оркестрге мәдениет үйінің директоры Олжас Қылдыбаев жетекшілік етеді.
Елбасы жарлығымен Ұлттық домбыра күні шілде айының бірінші жексенбісі болып белгіленді. Осы орайда былтыр 1000 домбырашының басын біріктіріп, қазіргі тілмен айтқанда,  флэш-моб ұйымдастырдық. Бұл республика көлемінде аудандар арасындағы рекодттық көрсеткіш болды. Домбырашылардың ең жасы 12 жаста. Тіпті, 90 жастағы қарияға дейін қолына домбырасын алып, аудан әкімінің бастамасына атсалысты. Осылайша, 1000 домбырашы «Келіншек» пен «Балбырауын» күйлерін орындады. Топты дирижер Олжас Қылдыбаев басқарды. Осы көрсеткішті сақтау мақсатында 2020 жылы да домбырашылар 5 күй орындауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда ауыл және ауылдық округтерде қызу дайындық үстінде.
fullimage2
– Мәдениет саласының бір тетігі – кітапхана ісі. Бұл бағытта қандай көрсеткіштеріңіз бар?
– Ғылым мен техника қаншалықты дамыса да, көркем әдебиеттің орны бөлек қой. Біздің аудандық орталық кітапхананың мәдениетімізді дамытудағы алатын орны ерекше. 
95
Қоңқышева Мария, Жақашева Жамила, Бәйімбетова Қадиша, Қайдарова Надежда, Мусина Қатира, Әміржанова Қантай, Мұсабаева Алма, Мусина Рахима,  Исмайлова Гулбаршын сынды майталман мамандар жұмыс істеген ұжымның бүгінгі нәтижесі жаман емес. 1980 жылы құрылған орталықтандырылған кітапхана жүйесінде 21 кітапхана бар, оның ішінде біреуі аудандық және орталық балалар кітапханасы болса, қалғаны ауылдарда. Аудандық кітапхана жаңғырту бағдарламасы бойынша республикалық автоматтандырылған хабарламалық кітапханалық жүйесі – РАБИС желісіне қосылды.  Ауылдық, орталық кітапханалар компьютерлендірілген және әлеуметтік желіге қосылған. 2016 жылы Торғай көтерілісінің 100 жылдығына орай орталық кіапхананың ұйымдастыруымен ғылыми конференция өтіп, кітап көрмелері ұйымдастырылды. «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы аясында Л.Толстой облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Амангелді ауданының кітапханалары күні аталып өтілді. «Кітапхана ісінің үздігі» атағын алған Зәуреш Зейнулина, «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісінің иегері Меруерт Жалмағанбетова мен Камила Мұсабаевалардың ізін басып келе жатқан жастар бар.
WhatsApp Image 2020-02-14 at 16.32.55
– Аудан мәдениетінің басшысы ретінде өткен жылды қалай бағалайсыз? Биылғы жоспар қандай?
2019 жыл аудан өнерпаздары үшін сәтті жыл болды деп айтуға болады. Тоқтала кетсек, Асылжан Өміржан халықаралық  «Алтын микрофон -2019» байқауында 2 орын иеленіп, халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы өнер фестивалінде Гран-при жеңіп алды. Ерназ Қабдыхамитов облыстық «Алтын микрофон – 2019» байқауында 3 орын иеленіп, Италия мемлекетінің Пенето қаласында өткен халықаралық әншілер байқауында 1 орынды жеңіп алды. Бір ерекше жаңалық – алғаш рет облыс көлемінде аймақтық «Қызғалдақтар фестивалі» өтті. Елорда күніне орай аудан орталығында «Жастар саябағы» ашылып, әр апта сайын кесте бойынша ауылдық округ өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып отырды. «Елу жылда ел жаңа» дейді. Қоғам үрдісі алға қарай жылжып дамуда, сонымен бірге мәдениет пен өнер де өркендеу үстінде. Аудандық мәдениет үйі 2012 жылы күрделі жөндеуден өтті. Оған 173 млн теңге қаражат жұмсалды. Ауылдық клубтар мен кітапханаларды жаңартуға, жаңа кітаптар алуға жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. Жыл сайын сахналық киімдер өзгеріп, заман талабына сай костюмдер мен музыкалық аспаптар сатып алынады. Өткен жылдардағы көркемөнерпаздар фестивалінен жүлделі орындар иеленіп келдік. Биылғы халық шығармашылығы XXXIV облыстық фестиваліне ауданының өнерпаздары қызу дайындық үстінде.
IMG_1231
– Әңгімеңізге рахмет!
WhatsApp Image 2020-02-14 at 16.22.34

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓