Жайылым жоқ, жем-шөп қымбат

Қостанай қаласының іргесіндегі Киров ауылында 50 шақты үй түтін түтетеді. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі малдың арқасында күнелтіп отыр. Олар, лажы болса, мал басын көбейтуді қалайды. Бірақ, бұл маңда жайылымдық жер аз, жем-шөп құны қымбат. Сондықтан, малды тұяғы жеткен жерге дейін жаю тұрғындар үшін мұңға айналған.20200130_150057
Серік Мамырайымов бұл ауылға 2001 жылы көшіп келді. Бұрыннан мал ұстайды. Енді отбасымен, балаларымен ақылдаса отырып, қорасын түлікке толтыруды  құп көріпті. Осылайша,  екі жыл бұрын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы  қысқа мерзімді «Бастау-бизнес» курсын оқып, 6,5 жылға 6%-пен 2 млн теңге несие алды. Оған  жеті ірі  қара сатып алды. Сүт сауып, оны үлгіртсе, кәсіптің көкесі сол. Серіктің келіншегі – Тұрсынзада күніне әр сиырдан 10 литр сүт алады. Рудный сүт зауыты сүттің бір литрін 100 теңгеден қабылдайтын көрінеді. Қарап отырсаңыз тәп-тәуір пайда түседі. Бірақ, «сиырдың сүті-тілінде» дегенді кез келген мал бағып өскен қазақ баласы жақсы білсе керек. Сиырыңыз қанша жерден сүтті болғанмен, оның жеткілікті жем-шөбі болмаса еңбегіңіздің зая кеткені емес пе?!20200130_171912
-Басты проблема, ол мал азығының қымбаттығы. Мәселен, биыл бір тіркеме шөпті 35 мың теңгеден сатты. Амалдың жоқтығынан аласың. Ал маған бір қысқа  жиырма шақты тіркеме  шөп керек. Кебектің бір қабы – 900 теңге,  16 келілік бір дана орама шөпті (тюк) – 600 теңгеден саудалайды. Бір сиыр күніне  әлгіндей орама шөптің біреуін жейді. Шамамен  төрт ай қысты 120 күн деп есептесек, қыруар сан дөңгеленіп шыға келеді. Бізді осы жағы қинайды,-дейді Серік Төлендіұлы.
Иә, табиғат былтыр шаруаларға аз кедергі келтірген жоқ. Өңірде қуаңшылық болды. Көп жерде егін, шөп шықпай қалды. Оның үстіне дала өртеніп, шөп біткен жанып кетті. Серік тәрізді малмен күнін көріп отырған азаматтар соның зардабын тартып отыр.
-Әйтпесе, мал бағу қазақ үшін таңсық емес қой. Бәріміз де ауылда өстік. Шаруа жағдайын жақсы білеміз. Төрт түліктің жемі-шөбі жеткілікті болса, мал басын көбейту аса қиын емес,-дейді кәсіпкер.- О баста бизнес-жоспар түзгенде алты жылдың ішінде қара мал санын елуге дейін жеткізуді жоспарладық. Мал басын көбейтуге болады, тек азық дағы алаңдатады.
Серік өз кәсібін ашқан жылы, мал біткен жұқпалы түйінді дерматитке ұшырады. Өткен жылы шөп шықпады. Бірақ, ол еш мойымады. Кировка ауылында Серік тәрізді мал шаруашылығымен айналысып отырған үш жеке кәсіпкер бар. Бәрі де осы кепті бастан өткеріп отыр.
Кәсіпкер жүгінген мемлекеттік бағдарламаның бір тиімді тұсы – несиені әр алты ай сайын төлеп отыруың керек. Оның үстіне алты ай сайын оның көлемі азая береді. Мәселен, алғашқы алты айда 250 мың теңге төлесе, одан кейін 230 мың теңгеге түсті. Енді алдағы наурыз айында 200 мың теңге төлемек. Бұл кәсібін енді ашқан тұрғындар үшін бұл өте қолайлы. Тек, жайылым, жем-шөп мәселесі оңтайлы шешілсе, шаруаларға үлкен көмек сол болар еді.
Жем-шөп демекші, ауыл тұрғындарының  алдағы жаздан үміті зор. Биыл қар өте мол түсті.  Дала боса, болмаса ақ көрпесін қымтап алып, мүлгіп тұр. Ауыл үшіндегі қар кісі бойынан асады. Бір жақсы жері, ауыл-үйдің арасын трактор үнемі тазартып, жолды кең етіп аршып қояды. Бұл жағы күнделікті үрдіске айналған. Ауыл ішінде оппа қарға көміліп жатқан ауланы көрмейсің.
-Негізі, бұл жақта тұруға болады. Қалаға жақын. Тек Ждановкамен арадағы жолды жөндеп берсе, іргемізге кеп тұрған көгілдір отынды кіргізсе, нағыз игілік сол болар еді. Әнеукүні аудан әкімінің есеп беру жиналысында тұрғындар осы мәселені көтерді. Жауап біреу – үй саны елуден аспайтын шағын ауылдарға мұндай жағдай тән емес көрінеді. Әйтпесе, шалғай ауыл-аудандардан көшіп келгісі келетіндер бар,-дейді Секең әңгіме арасында.20200130_172554
Қостанайдан небәрі отыз шақырым ауылға бұрын да барып жүрміз. Ертеректе мұнда орыс, неміс ағайындар көп тұратын еді. Бәрі өздерінің тарихи отандарына көшіп кеткен. Қазір мұнда тек өз қандастарымыз тұрады. Олар  өз ауылдарының еңсе тіктегенін көргісі келеді.
                                                                                                                          Әлібек ЫБЫРАЙ,
Суреттерді түсірген автор.
   Қостанай ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓