Бірге мықтымыз!
500 қатысушы, 7 команда және спорттың 15 түрі. Рудныйда «ССКӨБ» АҚ жұмыскерлері арасындағы дәстүрлі спартакиада басталды. Қыстың ең басты спорттық оқиғасы ERG-дағы Команда жылына арналып отыр.
Биыл бағдарламада біршама өзгеріс бар. Біріншіден, кәсіпорындағы бөлімшелердің біріктірілуіне байланысты команда саны былтырғыдан екі есеге азайды. Бұл кіл мықты жиналған доданы одан әрі тартысты да, тартымды ете түскені сөзсіз. Екіншіден, спартакиада бағдарламасына функционалды фитнес және спорттық би сияқты спорттың жаңа түрлері енді.
Командалар шеруі мен салтанатты ашылу рәсімінен кейін «Горняк» спорттық кешенінде жарыс қыза түсті. Алғашқы күні-ақ Өнеркәсіптік кешеннің жүзгіштері турнир кестесінде көш бастады. Жүзу эстафетасында екінші орын басқарманың спортшыларына бұйырса, үздік үштікті Тау-кен өндіру кешенінің кеншілері тұйықтады.
– «ССКӨБ» АҚ қызметкерлері күнделікті жұмыстан бөлек салауатты өмір салтына көңіл бөлетіндігі қуантады. Спартакиада ұжымды бір жұдырыққа біріктіруші үлкен күшке айналып отыр. Жүзден жүйрік шыққан спортшылар кәсіпорын намысын Хромтауда өтетін Еуразиялық ойындарда қорғайтын болады, – дейді Жастармен жұмыс жөніндегі бюро басшысының міндетін атқарушы Әділ Ағайсин.
Айта кетейік, спартакиада наурыз айының соңына дейін жалғасады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ