ЕСКІ КӨРСЕК, ЕС КЕТЕДІ…
Тіркеуге алынбайтын темір тұлпар хақында
Кедендік одақ құрамындағы Қырғыз, Армения және Ресей елдерінен көлік тасып күнін көріп жүргендер, білместікпен бе, әлде қалта қамымен бе, халықты жалған ақпаратымен әбден әбігерге салды. Одақтас елдердің ескісін олжалап жүргендер "кез келген көлікті қазақстандық тіркеуге қоюға болады немесе шетелдік нөмірмен еш кедергісіз жүріп-тұруға мүмкіндік бар" деген ұстанымда болған еді. Халықты да осы сөзге иландырып келді.
Жылдың алғашқы жұмыс аптасында еліміздің Ішкі істер министрлігі ресми мәлімдеме жасап, бұл қауесетке нүкте қойды. Осыдан кейін шетелдік тіркеудегі көлікті тізгіндеген бір топ отандасымыз ресми органдардың табалдырығын тоздырып, тіркеуге алынбаған 170 мыңнан астам көлік иесін аяғынан тік тұрғызуға талпынып келеді. Осылайша, қазақстандық заңды белден басып, өз мақсаттарына жетпек ниетте.
Құзырлы органдардың ресми мәліметтеріне жүгінер болсақ, Кедендік одақ құрамына енгелі Қазақстанға 170 мыңнан астам шетелдік тіркеудегі көлік енгізіліпті. Сала мамандарының мәліметіне сүйенер болсақ, көшелерде жүйткіп жүрген темір тұлпарлардың дені Кедендік одақтың "Дөңгелекті транспорт құралдарының қауіпсіздігі" регламентінің техникалық талаптарына сай келмейтіндіктен, өз елдеріне кері қайтарылуы тиіс.
Сөз еткелі отырған талаптарды кеңінен тарқатар болсақ, Қазақстанға енгізілген көліктердің барлығының да басқару рөлі сол жағынан болуы тиіс. Сондай-ақ, темір тұлпарлар Еуро-4 экологиялық стандартына сәйкес болуы керек. Еуропа елдерінде бұл санаттағы көліктер тек 2005 жылдан, АҚШ пен Кореяда 2006 жылдан, Жапон және Ресейде – 2010, Қытайда – 2012 жылдан бастап шығарыла бастаған. Бұл арада да көлік маркаларының шыққан жері мен құрастырылған елінің ара-жігін ажыратып алған жөн. Мәселен, көпшілігімізге танымал Toyota көліктері әлемнің біраз елдерінде шығарылады. Бұл марканың 2006 жылы АҚШ-та құрастырылған нұсқасы Еуро-4 санатына енгізілсе, дәл осы марканың дәл осы жылы Жапонияда құрастырылған нұсқасы Еуро-3 саналады.
Айтпақшы, қазақ елінде үш жылға дейінгі көліктерді тіркеуге болатынын айта кеткен жөн. Оның өзінде көлік АВС, алдыңғы қауіпсіздік қорғаныс жастығымен, балаларға арналған орындықтарды орнатуға арналған ISOFIX жүйесімен, күндізгі белгі шамдары мен шұғыл қызмет жүйелерін шақыртуға арналған "ЭВАК" дабылымен жабдықталған болуы тиіс. Темір тұлпарыңыз осы талаптардың барлығына да сәйкес келсе, қалтаңызды қаңа беріңіз. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, көлік алғашқы тіркеу кезінде кедендік баж салығының айырмашылығы, көлік қалдықтарын жоюға бағытталған төлем, алғашқы тіркеу құнын өтеу керек. Осыдан кейін ғана, көлік қазақстандық тіркеуге қойылатын болады.
Сырттан әкелінген көлікті рәсімдеу тәртібін оқырман қауымға қарапайым тілмен түсіндіріп көрелік. Қазақстандықтар көп тізгіндейтін қуат көлемі 2,5 см2, 2012 жылы АҚШ-та шығарылған Toyota Camry көлігін мысалға алайық. Аталған көлік "Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарымен жүруге арналған автокөлік құралдарының рұқсат етілген параметрлерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 324 бұйрығындағы көрсетілген талаптарға, яғни Еуро-4 экологиялық класына сәйкес. Көліктің бұл түрін мұхиттың арғы жағынан 8 мың АҚШ долларына сатып алуға болады. Көлікті Қазақстанға жеткізу үшін 2 500 АҚШ долларын шығындаймыз. Кедендік алым – 20 000 теңге немесе 52.05 долларды құрайды. Барлық шығын 10 552.05 доллар.
Енді, дәл осы көлікті рәсімдеуге кіріселік. Еліміздегі кедендік баж салығы жыл өткен сайын төмендеп отырғанымен, басқа мемлекеттермен салыстырғанда әлі де ауқымды саналады. Айтулы көліктің 7 жыл қолданыста болғанын ескерсек, оның сатып алу құны, жеткізу шығынын қоса алғандағы соммадан, яғни 10 552.05 доллардан 19 % баж салығы төленуі тиіс. Төлем көлемі тағы да 2 004,89 долларға өседі. Осыдан кейін қосымша құн салығы, кедендік алым алынады. Яғни, жинақталған қаржыға 1 506.89 доллар қосылады.
Сырт елдерден әкелінген көліктерді біздің мемлекетіміздің тіркеуіне қою үшін, көлік қалдықтарын жою төлемін жасау қажет. Көлемі 2 001-ден 3 000 текше см-ге дейінгі авто үшін: 500 АЕК — 1 262 500 теңге немесе 3 285.85 доллар шығындайсыз. Осыдан кейін алғашқы тіркеу үшін (үш жылдан жоғары көлік үшін: 500 АЕК-1 262 500 теңге немесе 3 285.85 доллар) төлем жүргізесіз. Сонымен қатар, ҚР-да есепке қою алдында көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік алу және аттестатталған орнату орталықтарында (50 000 теңге + 189 000 теңге = 239 000 теңге немесе 622.4 доллар) Евак батырмасын орнату қажет. Осылайша, сіз қызыққан көлік құны көз алдыңызда 2 есеге өсіп шыға келмек. Біз санап шыққан 21 258 мың АҚШ долларына, яғни 8 млн теңгеге өзімізден де тәп-тәуір көлік алуға боларын естен шығармаңыз.
Қазақстанға әкелінген көліктердің басым бөлігінің жылы ескі. Техникалық сипаты келгенімен, экологиялық класы жағынан қазақстандық талапқа сәйкес келуі екіталай. Яғни, оларды қазақстандық есепке қою мүмкін емес. Мұндай көлік иелеріне темір тұлпарларын алған жеріне қайта апарудан немесе қосалқы бөлшек есебінде бұзып сатудан басқа амал жоқ.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ