Мас жүргізуші қамауға алынды
Жаңа жылдан бастап бірқатар жаңа заңдардың күшіне енгені белгілі. Солардың бірі – мас күйінде көлік басқаруға жаза қатаңдатылды.
Бүгін Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында 35 жастағы тұрғынға қатысты сот отырысы өтті. Іс қағаздарына сүйенсек, 12 қаңтарда сағат 5.58-дер шамасында Алтынсарин көшесінің бойында “Ниссан” автокөлігін мас күйінде басқарған М. жол полицейлерінің қолына түседі. Досының туған күнінде сыраға сылқиа тойып алған ол қала шетінен таксимен қайтпақ болған. Такси кешіккен соң көлігін тізгіндеген. Мас күйінде көлік жүргізген жігітті полицейлер арнайы орталыққа жеткізіп, ішімдік ішкені жөнінде қорытынды жасатқан. Сот отырысында айыпталушы да өз кінәсін бірден мойындады.
-Сыра іштім, досымды үйіне апармақ болдым. Таски шақырып едік, кешіккен соң өзім апарып тастауға бел будым. Кінәмді мойындаймын, автокөлікті жүргізу құқығынан айырумен де келісемін, бірақ 15 тәулікке қамауға алмауды сұраймын. Менің екі кішкентай балам бар, қарамағымдағы 10 қызметкердің де тағдыры маған тіреліп тұр, – деді ол.
Алайда, осы жылдың 11 қаңтарында күшіне енген Әкімшілік кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес, алкогольдік масаңдық туралы бап бойынша жазалау шарасы баламасыз болып табылады. Осыған байланысты судья Әсел СПАНОВА М.-ны ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға жүргізуші құқығынан айыру туралы қаулы шығарды.
Айта кетер жәйт, бұл Қостанай облысындағы жаңа заң бойынша жүргізуші жазасының алғашқы оқиғасы.