Қой жылы – той жылы!
2015 жыл табалдырықтан аттап, Қой жылы жайғаса бастады. Бұл жылдың Қазақ Елі үшін ерекшелігі нешік? Әлбетте, данышпан қазақ халқы жыл қайыру барысында әрбір жылдан тек жақсылық пен құт-берекеге үміттеніп, болжам жасағанда да тек жағымды жорамал келтіріп отырған. Мәселен, еліміздің дария данышпандары жыл санаудағы Тышқан жылы – тыныштық, Сиыр жылы – сыйлық, Барыс жылы – байлық, Қоян жылы – құт-береке, Жылан жылы – жайлы жыл, Жылқы жылы – жұтсыз жыл, Қой жылы – құтты жыл, Мешін жылы – мерейлі, Тауық жылы – татулық пен табыс жылы, Ит жылы – игілік көп, Доңыз жылы – дүниелі боламыз дейтіні бар. Яғни, қазақ әр жылдан тек жақсылықтан үміттеніп, ниетті де соған қарай қайырады. Бұнысының қырым кетпейтініне де мысалдар көп. Соның ішінде табалдырықтан аттап, енді ғана жайғасып жатқан Қой жылына келсек, ең әуелі тұғырлы Тәуелсіздігіміздің өзі осы жылдың еншісінде жатқанын еске салсақ та жеткілікті.
Ал биылғы жылдан жұрт нендей жағымды жаңалықтар күтеді? Бұл жылдың ерекшелігіне келсек, ең алдымен ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бұл жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялағанын алдыға тарта отырып, биылды еншісінде елімізде үлкен мерейтойлар жатқызылатынын айтқымыз келеді.
Қазақ хандығының 550 жылдығы!
Мәселен, биыл жаппай жұртшылық болып республика бойынша Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланбақ. Бұндай бастаманы Елбасы Н. Назарбаев көтеріп, мерейтой жылын айрықша атап өткізу туралы мәлімдеген болатын. «Қазақстанның тәуелсіздігі деген өте қасиетті ұғым. Бабалардың аңсағаны біздің буынның бақытына келді. Оны сақтау бәріміздің парызымыз. Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ, бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал Қазақ хандығының құрылуына қатысты датаға келсек, бұл жөнінде белгілі тарихшы Бүркітбай Аяған Қазақ Хандығының 1465 жылы құрылғандығын Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбектерінде дәлелденетінін алға тартады. «Қазақ Хандығы белгілі бір жүйесі бар орнықты мемлекет болды. Жәнібек пен Керейдің құрған мемлекетінің Ақсақ Темір құрған мемлекеттен айырмашылығы осы да еді. Ақсақ Темір құрған мемлекет өзі дүниеден өткен соң ыдырап кетті. Ал, Жәнібек пен Керей құрған мемлекет жүйелі түрде атадан балаға мирас болып келді. Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы жағынан тағы бір айырмашылығы – орталықтандырылған мемлекет болды. Айталық, Орта Азиядағы өзбектердің мемлекеттік жүйесімен салыстырсаңыз, олар бірнеше хандықтарға бөлінеді. Біздің Қазақ хандығының жүйесіндегі тағы бір ерекшелік, елді билеуші хан болса, оны бақылаушы билер мен батырлар болды. Ал, таптық тұрғысынан Қазақ хандығында басыбайлылық деген болған жоқ», – дейді Б. Аяған. Тоқтала кететін жайт, биыл тойланатын барлық мерекелер Қазақ хандығының 550 жылдығына арналады әрі осы датаны атап өтудің арнайы тұжырымдамасы да әзірленген. Ең негізгі атап өтілетін шара ол Қазақ хандығының құрылған жері Шу мен Талас арасындағы алқапта қыркүйек айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтеді деп жоспарлануда әрі оған халықаралық деңгейдегі қонақтар қатысады. Бұдан бөлек, мемлекет құрылуының мерейтойы ең алдымен азаматтардың патриоттық сезімдерін арттыру мен қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға бағытталып отыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы
Жоғарыда атап өткеніміздей, ҚР Президенті Н. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында 2015 – жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялаған. Өйткені, биыл еліміздегі татулық пен бірліктің атрибутына айналған ҚХА-ның құрылғанына жиырма жыл толып отыр. Бұндай мерейлі мерекені республика деңгейінде атап өту үшін ҚР Мемлекеттік хатшысы жетекшілік ететін арнайы комиссия құрылған болатын. Бұл ретте Үкімет Ассамблеямен бірлесіп, ұлттық іс-шаралар жоспарын әзірледі, сондай-ақ, Астана қаласында Қазақстан халқы форумы ұйымдастырылады. 2015 жылды елордада «Астана – татулық пен келісім қаласы» атты ұранмен, еліміздегі этномәдени бірлестіктердің барлығы арнайы шараларды қолға алатын болады.
Жалпы Ассамблея туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев талай мәрте айтып та жүр. Мәселен, Елбасы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл – бейбітшілік мәдениеті мен келісімнің іргетасы. Ассамблея – бұл барлық азаматтардың қалауы ескерілетін жалпыхалықтық сипаттағы инновациялық модель. Біздің жас демократиямыздың сәтті құралы», деп атап өткен еді. Сонымен қатар, Елбасының айтуынша, ҚХА әсіресе елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында татулық пен бірлікті дәріптеуде ерекше рөл атқарды. «Кеңес Одағы құлады, халық енді не боларын ұқпады. Бұл кезеңде түрлі этностардың, ұлттардың алаңдаушылығы туды. Ал Қазақстан көпұлтты мемлекет жағдайында тәуелсіздігін жариялаған ел. Ендеше, сол ұлттардың ұлттылығы, тілі, діні не болатындығы түсініксіз еді. Міне, сол тұста ҚР Президенті жанындағы Кеңесші орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы дүниеге келді. Бұл – еліміздегі барлық ұлттардың мінбері», – деді Н. Назарбаев.
Тоқтала кететін жайт, аталған институттың маңызы қазақстандық қоғаммен мойындалып, бүгін өзінің конституциялық мәртебесін де иеленген. Парламентке Ассамблеядан тоғыз депутат сайланады. Түйіндей айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл барлық этникалық азшылықтарды, барлық діни конфессияларды біріктіретін, мемлекеттің маңызды органы. Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия арнайы тұжырымдаманы бекіткен болатын.
Ата заңымызға да 20 жыл!
Ассамблея жылымен қатар ағымдағы жылы Конституцияның 20 жылдық мерейтойы арнайы атап өтіледі. Осы тақырып аясында Астанада Қазақстан халқының форумы да ұйымдастырылатын болды.
Еске сала кетейік, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. 1995 жылдан бері ел өмірінде орын алған өзгерістер мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі – Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді. 1995 жылғы Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысты. Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі заңда осы – 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і конституция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», – деген болатын.
Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығы!
Қой жылындағы айрықша датаның бірі – Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығы. Бұл мерейлі дата аясындағы шараларға Қазақстан халқы өткен жылдың аяғынан бастап кірісіп кетті десе де болады. Мәселен, Елбасының тапсырмасына сәйкес, еліміздегі ардагерлердің барлығы арнайы марапаттарға сый құрметтерге бөленуде. Сонымен қатар, барлық қазақстандық соғыс ардагерлері Мемлекет басшысы атынан жаңажылдық сыйлықтар алды. Нақтыласақ, Жаңа жыл қарсаңында, 26 желтоқсан мен 30 желтоқсан аралығында Қазақстан Президентінің бүкіл еліміз бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қолдау жөніндегі жалпыұлттық бірегей акциясы өтті. Осыған орай, республикада тұратын 5115 соғыс ардагерінің әрқайсысына облыс, қала және аудан әкімдері арнайы барып құттықтап, Мемлекет басшысы атынан жаңажылдық сыйлықтар жиынтығын тапсырды.
Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің тапсырмасымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу жөніндегі арнаулы іс-шаралар жоспары бекітілді. Айта кетейік, 2015 жылғы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні Мемлекет басшысының қатысуымен мерейтойлық салтанатты әскери шеру өткізу жоспарлануда. Сосын 9 мамыр қарсаңында Астана қаласында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, елорданың жаңа көшелерінің біріне атақты жерлесіміз, генерал Иван Васильевич Панфиловқа көше атын беру және ескерткіш орнату жүктелген болатын. «Жеңістің 70 жылдығы жақындап келеді, біз қазірден бастап оған тыңғылықты дайындалуымыз керек. Қазақстандық Кеңес Одағы батырларының баршасын еске алып, оларға құрмет көрсетуіміз шарт», – деді Елбасы.
Жалпы Ұлы Жеңістің мерейтойы Қазақстанда ғана емес, ТМД мемлекеттері аумағында кеңінен аталып өтілмек. Биыл ТМД мемлекеттері арасында Ардагерлер жылы болып жарияланған еді.