ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚ КӘДЕГЕ ЖАРАТЫЛАДЫ
Облыс аумағындағы полигондар мен қоқыс үйінділеріне тасталатын тұрмыстық қатты қалдықтың жылдық мөлшері шамамен 300 мың тоннадан асады екен. Бұларды мүмкіндігінше бөлек жинау, сұрыптау, қайта өңдеп, кәдеге жарату жұмыстары біртіндеп қолға алына бастады. Мәселен, қазір аталмыш қалдықтар 9 елді мекенде бөлек жиналып, 14 елді мекенде сұрыптау жүргізіледі. Өңірде қайта өңдеуге келетін қатты қалдық қабылдайтын 9 мекеме жұмыс істейді. Облыстың 15 өңірінде істен шыққан сынап шамдарын бөлек жинайтын 1800-ден астам арнайы контейнер орналастырылған. Қостанай қаласында электронды және электр жабдықтары қалдықтарын жинайтын он шақты арнайы контейнер бар. Жалпы, облыста қатты қоқысты қайта өңдеп, одан оннан астам өнім түрін шығарып отырған 5 кәсіпорын жұмыс істейді. Мұны Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында БАҚ өкілдерімен кездескен Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Амангелді Исмаилов айтты.
Басқарма табиғатты қорғау, тұрмыстық қалдықтарды реттеу қызметтерін жүзеге асырады, сондай-ақ су ресурстарының ластанбауын және экологиялық тазалықтың сақталуын бақылайды.
А. Исмаиловтың айтуынша, облыс тұрғындарына қоршаған ортаны қорғау және экологиялық тазалықты сақтау жөнінде насихат жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Биыл қараша айынан бастап «Қостанай плаза» СО-ның LED-экранында Қостанай қаласындағы атмосфералық ауаның жай-күйі мен ауа райы туралы мәлімет таратыла бастаған. Сондай-ақ, биыл Тобыл өзенінің Қостанай қаласына жақын жағалауындағы 7 гектарға жуық алқап тазартылған.