Жаңа жылдан бастап АӘК қалай төленеді?
Биыл облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 5 014,9 млн теңге қарастырылып, жыл басынан бері жаңартылған форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 10 996 отбасына төленген. Ал, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілдері жұмыс істей бастайды. Бұл туралы, яғни әлеуметтік көмектің жаңа моделін енгізу барысы туралы облыс әкімдігінде өткен селекторлық жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Г.Әбенова баяндады.



Сондай-ақ, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы заңға табысы аз отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік топтама енгізілмек. Мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің бұл түріне республикалық бюджеттен 249 млн теңге бөлініп отыр. Бұл тағам жиынтықтары күнделікті рационды қамтамасыз етуге арналмаған, мақсат осы жастағы балаларға жетіспейтін витаминдердің жетіспеушілігін өтеу болып табылады. Ал, 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің бөлігі ретінде көрсетіледі. Сонымен қатар, жаңа атаулы әлеуметтік көмек отбасылық кіріске қарамастан барлық көпбалалы, яғни төрт және одан да көп кәмелет жасына толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқы орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі. Егер бұл отбасы табысы бойынша аз қамтылған отбасы санатына жататын болса, онда бұл отбасыға жаңа жәрдемақыдан бөлек атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Бұған қоса, кепілдікті әлеуметтік топтама ұсынылады. Сондықтан аз қамтылған, көпбалалы отбасы болса, аталмыш көмектің барлық үш түрін алады. Айта кетер жәйт, еңбекке қабілетті азамат жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда бүкіл отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек төлемі тоқтатылады.

-30-шы желтоқсанға дейін әр аудан, қалалардағы жұмыспен қамту және білім бөлімдері кепілдендірілген әлеуметтік пакет шеңберіндегі азық-түлік жиынтықтары мен гигиеналық өнімдерді сақтау және орналастыру орындарын ойластырып, дайындауы керек. Келесі аптаның басында біз бұл мәселеге қайтып ораламыз. Әр өңір есеп беретін болады. Азық-түлік сапалы әрі ұзақ сақталуы үшін қоймалар талапқа сай болуы тиіс. Сондай-ақ, бүгінгі таңда негізгі жұмыс әлеуметтік көмектің жаңа моделін енгізу барысы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды да жандандыру қажет, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев