Жаңажылдық фестиваль шақырады
Қостанай қаласының әкімдігі барлық тұрғынды 28 желтоқсанда өтетін алғашқы отбасылық фестивальге шақырады. Негізгі бағдарлама сағат 12.00-ден 21.00-ге дейін облыс әкімдігі алдындағы алаңда өтеді.Күндізгі бағдарлама сағат 12.00-ден 18.00-ге дейін жалғасады. Тұрғындар "Santa Bus" жаңажылдық автобусымен серуендеп, Аяз ата резиденциясына бас сұға алады, сондай-ақ, шаңғы марафонына, скандинавиялық жүріс жарысына және түбітті флешмобқа қатысуларына мүмкіндіктері бар. Мұнымен қоса, "Кім сырғанақпен ұзағырақ сырғанайды?" және "Өзім тіккен жаңажылдық костюм" конкурстары ұйымдастырылады. Фестивальге отбасының барлық мүшесімен ғана емес, асыранды жануарлармен – итпен келуге рұқсат. Өйткені ит жарысын өткізу жоспарда бар. 2020 жылдың символына арналған ән мен биге толы "Mouse- Party" шарасын да тамашалай аласыздар. Ұйымдастырушылардың бұл бағдарламада қойып отырған басты талабы –мерекеге тышқанның құлағын тағынып келу қажет. Нақ осы талапты орындағандар арасында үлкен ірімшік шеңбері айналасында ұтыс ойындары жүрзігіледі.
Кешкі бағдарлама 18.00-21.00 аралығында өтеді. Бұл уақыт аралығында Zumba-марафонға және жарқын неонды шоуға куә бола аласыздар. Мерекелік мәзір де тұрғындарға ұсынылады: осы уақытта қуырылған "маршмеллоудан" дәм татуға болады. Ұйымдастырушылар тұғындарға арнап осы бір тәттінің 50 келісін дайындағалы отыр. Фестиваль алматылық "Аршат" және "ZNight" топтарының концерттік бағдарламасымен аяқталады.