Сыннан өткен шынығады
«ССКӨБ» АҚ-да жұмысшы мамандық иелерінің арасында кәсіби шеберлік байқауларын өткізіп тұру тамаша дәстүрге айналған. Бұл, бір жағынан, өндірісте жүрген маманның білімін, кәсібилігі мен шама-шарқын көрсетсе, екіншіден, еңбегі жанған үздіктердің үздігін ынталандыруға мүмкіндік береді. «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деген сөз рас.
Өткен аптада кен алыбының бірнеше бөлімшелерінде экскаватор, конвейер машинистері, бұрғылаушылар сынға түскен еді. Осы аптада Жол шаруашылығы және құрылыстар цехының «ең үздік слесарь-жөндеушісі» анықталдды.
Алдымен қатысушылар теорияны еске түсірді. «Қырудың дәлдігі мен сапасын немен бақылайды?», «Болат құбырларды ыстық күйде иілу кезінде қандай толтырғыш қолданылады?» және «Рейсмас дегеніміз не?». Қарапайым адам жауап беруге қиналатын бұл сұрақтарды өз ісінің білгірлері жаңғақша шақты.
Практикалық кезеңде электропневматикалық клапанды шашып, қайта жинау қажет болды. Тапсырманы жылдам, әрі қателіксіз орындау – жеңіске деген бір қадам.
– Мен кәсіпорында он жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осындай конкурсқа үш рет қатысып, үшеуін де де жеңімпаз атанып отырмын. Әрине, теориялық турда бір қарсыласымнан есе жіберіп алдым. Алайда практиканы ойдағыдай орындап, қайта алға шықтым, – дейді Қылышбек Шабанов.
Жарыстың қорытындысы бойынша екінші орынға Кирилл Застежко тұрақтаса, Серік Жолдасов үздік үштікті тұйықтады. Барлық жеңімпаздар үйлеріне ұмытылмас әсер, зор тәжірибемен қатар әкімшілік пен кәсіподақ ұйымы тағайындаған бағалы сыйлақтарды алып қайтты.
Айта кетейік, кен алыбындағы кәсіби шеберлік байқаулары «Жастар» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылып келеді. Басты мақсат – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, кадрлық резервті толықтыру.
Қуаныш ДОСПАН