Күн тәртібінде – МӘМС мәселесі
Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өз жұмысын бастайды. Осыған орай, бүгін Қостанай облысына арнайы іссапармен келген денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Б.Жақселекова бірқатар медициналық мекемелердің жаңа жүйеге дайындық барысын тексеріп, селекторлық режимде өткен өңірлік штабтың отырысына қатысты. Күн тәртібінде Қостанай облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық жұмысы, өңірдің денсаулық сақтау инфрақұрылымының дайындығы, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының барысы қаралды. Сондай-ақ, өз бетінше жұмыспен айналысушылар мәртебесін өзектендіру, жалдамалы қызметкерлер үшін тұрақты емес төлемдер бойынша салық төлеушілермен жүргізілетін жұмыс барысы, МӘМС-ке аударымдар мен жарналар төлеуге жататын және жалдамалы еңбекті бейресми түрде тартуды жүзеге асыратын табыстарды жасыратын кәсіпкерлік субъектілерін анықтау туралы мәселелер де сөз болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы В.Дудниктің айтуынша, бүгінде облыстағы барлық 61 денсаулық мекемелерінде медициналық ақпараттық жүйені енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп, 100 пайызға қамтылды. Барлық медициналық қызметкерлер медициналық ақпараттық жүйемен жұмыс істеу үшін оқытылды.
-Былтыр облыстық бюджет есебінен компьютерлік техника сатып алуға және интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз етуге 469 млн теңге бағытталды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыстың денсаулық сақтау ұйымдарының интернет желісіне қол жетімділігі 99,2 пайызды құрады. Алғашқы медициналық-санитарлық ұйымдарда МӘМС бойынша жарналарды төлеу үшін терминалдарды орнату жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күні 26 ұйымда терминалдар орнатылды, қалған 12 ұйымда ағымдағы жылдың соңына дейін орнатылатын болады. Өңірде жаңа жүйе бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасуда, – дейді В.Дудник.
Ал, облыстық Қор филиалының басшысы С.Аймұхамбетованың айтуынша, 2020 жылы Қостанай облысындағы денсаулық сақтау саласына 50,7 млрд теңге бөлінеді, бұл 2019 жылғы бюджетпен салыстырғанда 25 пайызға жоғары. ТМККК аясында 36,3 млрд теңге, МӘМС аясында 14,4 млрд теңге қаралған. Жалпы, өңірде халықтың 82 пайызы МӘМС жүйесінде шартты түрде сақтандырылса, ал тұрғындардың 18 пайызы немесе 156 мың адам “шартты түрде сақтандырылмаған” көрінеді. Бұл азаматтар дербес төлем жасап, емхана, ауруханаларда орнатылған арнайы терминалдар арқылы қорға ақша аударып, медициналық сақтандыру жүйесі аясында көмек ала алады.
Өңірлік штабтың отырысында қостанайлықтарды медициналық сақтандыру жүйесімен толық қамту, медициналық мекемелердің ақпараттық жүйелерін интеграциялау, әрбір тұрғынның сақтандыру мәртебесін анықтау мәселелеріне ерекше тоқталған Б.Жақселекова облыс тұрғындарын МӘМС жүйесі жайлы хабардар ету жұмыстарын әлі де жалғастыра беру қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, жұртқа жаппай медициналық көмек көрсету үшін өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтарды анықтау шараларын да жалғастыру керектігін және медицина қызметкерлері мен емханалардың дайындығын пысықтау қажеттігін тілге тиек етті.
-Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген соң, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап республика бойынша медициналық көмекке бөлінетін қаржы көлемі бір жарым есеге артып, 1, 569 млрд теңгеге жетеді. Қалпына келтіру емі мен паллиативтік көмекті қаржыландыру көлемі 9 есеге, консультациялық-диагностикалық көмек 6,5 есеге, стационарды алмастыратын көмек 2,3 есеге өседі, – дейді Ботагөз Шаймарданқызы.
Суреттерді түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ
.