Ауа райы, саған не болды?
Таңертең керемет көңіл-күйде оянып едім, ауа райы бәрін құртты… Жер дегенің көктайғақ. Оның үстіне жаңбыр да әлі жауып тұр ма, түсініксіз… Оқуға әрең жеттім. Он минуттық жерге жарты сағат жүрген шығармын. Автобустар жүрмей жатыр, тіпті такси де. Бірі жұмысқа кешігіп, бірі сабақтан қалып, әйтеуір бәрі абыр-сабыр болып жатыр. Кеше ғана бәрі жақсы болып еді ғой? Ауа райы, бүгін саған не көрінді?
Көктайғақтан адамдар құлап, жарақаттанып жатады, оның үстіне көлік апаты да көп болуы мүмкін. Сондықтан, үйден шықпай, тып-тыныш қана диванда жантайып алып, телевизор қарап жатқан жөн болар. Басқа қалаларды білмеймін, бұл Қостанайда болып жатқан жағдай. Құрметті қостанайлықтар, абай болыңыздаршы! Бейнет – аяқ астында. Сондықтан, көктайғақ кезінде зардап шеккіңіз келмесе, келесі ережелерді орындаңыз:
– Өзіңіздің аяқ киіміңізге көңіл аударыңыз: сырғанамайтын, табанында ұсақ өрнектері бар аяқкиімдерді таңдаңыз. Сән қуушылардың биік өкшелі аяқ киімдерді ұмыта тұрғаны жөн.
– Аяқ астына қараңыз, қауіпті жерлермен жүрмеңіз.
– Егер мұзды жерді айналып өту мүмкін болмаса, мұз үстімен шаңғышы сияқты қысқа адымдармен жүріңіз.
– Жолдың келесі бетіне өтетін жерлерде абай болыңыз, асықпаңыз, жүгірмеңіз;
– Ылдилы жерлерден айналып өтуге тырысыңыз;
– Аяғыңызды тізеден бос ұстап, табаңыңызды нық төсеп жүріңіз;
– Мүмкіндігінше қолдарыңыз бос болсын, ауыр сөмкелер ұстамауға тырысыңыз. Қолды қалтаға салып жүру құлау қаупін ұлғайтады.
– Егер тайып кетсеңіз, ауыр жарақат алмас үшін, жүрелеп отыра қалуға тырысыңыз.
– Құлаған кезде қатты соққы алмас үшін бүктетіліп, аунап түсуге тырысыңыз.
– Құлаған кезде қолыңыздағы заттың емес, өзіңіздің аман қалуыңызды ойлаңыз.
– Құлаған соң орныңыздан бірден көтерілмей, жарақат алмағаныңызға көз жеткізіп, жаныңыздағылардан көмек сұраңыз.
Арайлым Құлтаева
Иа ауа райын озгерте алмасымыз анык,бирак мынандай кунды кенестериниз талай адамнын пайдасына жарайтыны анык. Рахмет!!!