СЕНІМ МЕН СЕРПІН
«Nur Otan» партиясының 7 серпіні» бағдарламасы талқыланды
Облыстық филармонияда ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған партия активінің жиналысы өткізілді. Отырысқа Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, облыстық саяси кеңестің мүшелері, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, ардагерлер мен партия белсенділері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, мемлекеттік органдардың, жастар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында бірнеше мәселе қаралды. «NurOtan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Күзенбаев жақында елордада Партия төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалдары өкілдерінің кеңесі өткенін айтты.
– Елбасы тамыз айында өткен саяси кеңестің кеңейтілген отырысында партия жұмысын жандандыруға қатысты бірқатар нақты міндеттер қойып, «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты бағдарламаны көпшілікке ұсынған болатын. Облыстық филиал тарапынан осы бағдарламаны орындау мақсатында бірқатар жұмыс жүргізілуде. Бірінші серпін бойынша Рудный қаласында партиялық кадр резервіне қатысқан 54 кандидат іріктелді. Бүгінгі таңда партия активінің және партия жақтаушыларының қатарынан жаңартылған тізімге 191 адам кірді, – деді Э.Күзенбаев.
1 қарашадағы жағдай бойынша «Nur Otan» партиясының облыстық филиалына 58 мың адам тіркелген. Осы жылдың 10 айында облыстық және аумақтық партиялық бақылау комиссиялары 61 отырыс өткізіп, 336 ұсыныс әзірледі. Жұмысына салғырт қараған партияның 13 мүшесі партиялық жауапкершілікке тартылды.
– «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы шеңберінде «Биліктің барлық деңгейінде жауапкершілікті арттыру» төртінші серпінін іске асыру мақсатында «Аграрлық сектор», «Индустриалдық даму», «Жұмысқа орналастыру және әлеуметтік аз қорғалған тұрғындарды қолдау», «Жоғары технологияны дамыту», «Кәсіпкерлкіті дамыту», «Денсаулық сақтау» және «Білім беру» бағыттары бойынша тұрақты 7 комиссия жұмыс істейді. 21 тамыздан бергі кезеңде комиссиялардың 8 отырысы өткізілді. Комиссия отырыстарында қаралған мәселелер бойынша 21 ұсыныс әзірленді, оның 10 (42,1%) орындалды, 11 ұсыныс орындау барысы ұзақ мерзімді талап ететіндіктен жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік мекемелердің 11 басшысы тыңдалды, олардың бәріне жұмысты күшейту және жүйелеген проблемаларды анықтау ұсынылды. Идеологиялық жаңа саясат шеңберінде (алтыншы серпін) облыстық және аумақтық филиалдар әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмысты күшейтті. Ақпарттық кеңістікте барлығы 18 адам жұмыс істейді. Олардың міндеттері – өздерінің жеке парақтарында әлеуметтік желілерге шыққан теріс постар мен пікірлерге шұғыл жауап беру, партияның оң істері жөнінде посттар жариялау, – деп мәлім етті Э.Күзенбаев.
Елбасы бекіткен жетінші серпін – партия төңірегіне жастарды топтастыру. Бұл жұмыстарға «Jas Otan» жастар қанаты тікелей жауап бермек. Мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 2025 жылға дейін «Жастар-Отанға» жаңа бағдарламасы әзірленеді. Онда қазіргі заманғы жастардың барлық талап-тілектеріне жауап табылатын болады дейді партия филиалының басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, аймақтық филиалдармен өткен кеңес барысында Елбасы партияның сайлау алдындағы кезеңдегі жұмысын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
– Алдымызда бізді электоралдық кезең күтіп отыр. Сондықтан да облысымыздың барша партия өкілдеріне қазірден бастап жұмысты жандандыру керек. Барша халықтың көңіл-күйіне баса мән беріп, қоғамда туындаған өзекті мәселелерді реттеуге бағытталған шараларды бірге жүзеге асыруымыз қажет. Партияның облыстық филиалы және әрбір мүшесі, әрбір бастауыш партия ұйымдары ерінбей еңбек етсе ғана, Елбасы тапсырмаларын орындау жолында жетістіктерге жетеміз, – деді облыс басшысы.
Жиын соңында Архимед Мұхамбетов жыл бойы жақсы көрсеткіштерге ие болған үздік партия ұйымдарын марапаттады.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев