БОКСТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР
Өңірімізде «Nur Otan» партиясының мұрындық болуымен ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған 2006-2007 жылдары туған жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнир өтуде. Сайыста еліміздің әр аймағынан және Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан республикаларынан келген спортшылар өзара күш сынасып жатыр.
–Тұңғыш Президент күніне арналған турнирге 186 боксшы қатысты. «Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалының жүлделеріне өткізіліп жатқан бұл турнир дәстүрге айналды. Биылғы жылы турнирді біз екінші рет өткізіп отырмыз, – деді «Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Күзенбаев.
Тартысты бәсекеде жасөспірімдер 15 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайтын болады. Мерекелік турнирге 11 команда қатысуда. Шара барысында қатысушылар өз шеберлігін, ептілігі мен шапшаңдығын көрсетуде.
–Біз Тәжікстан Республикасынан Қостанай қаласында өткізіліп жатқан турнирге арнайы қатыстыру үшін сегіз боксшыны алып келдік. Қазақ халқы қонақжай екенін білемін. Қостанайлықтар бізді өте керемет қарсы алды, – дейді тәжікстандық бапкер Орзу Айдоров.
Айта кету керек, турнирде АИБА халықаралық санаттағы төреші Өзбек Казин бастаған мамандар тобы төрешілік етуде. Бір жарым минуттан тұратын 3 раундта мықтылар анықтылмақ.
Ақтық жекпе-жек және турнирдің жабылу салтанаты 24 қарашада өтетін болады.