Бұл айтыс бұрынғыдан өзгерек…
Осыдан үш жыл бұрын Меңдіқара ауданында «Асабалар алаңы» жобасының өткені ел есінде. Биыл бұл шара Жастар жылына орайластырылып, "Той – тәрбие бастауы" атты аймақтық ақындар мен асабалар айтысына ұласып жатыр. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жыр додасына облыстық мәдениет басқармасы, халық шығармашылығы және бейнеқор орталығы, Меңдіқара ауданының әкімдігі мұрындық болып отыр. Жоба жетекшісі – аудандық "Юбилейный" мәдениет үйінің қызметкері, жыршы-термеші Мұрат Нағашыбай.
Айтыстың негізгі тақырыбы айтып тұрғандай, ақындар бүгінгі қазақ қоғамының жиын-мерекелердегі әдебін, байырғы салт-дәстүріміздің кенжелеп қалуын, ысырапшылдықты, соның ішінде несие алып шашылатындарды, арақ-шараптан құтылмай жатқанымызды, беташардың қадірінің кетіп қалғанын отты жырларымен өрнектеп отырды. Ереже бойынша бір ақын бір асабамен жұптасады. Алғашқы болып Меңдіқара елінің тастүлегі, бірнеше айтыстардың жеңімпазы Дінмұхаммед Құсайыновпен сөз жарыстырған алтынсариндік Әбдірахман Алпыс қарсыласынан қаймықпай, арасында салмақты ойымен түйреп отырды. Димаш та тісқаққан ақын ғой, «баяғы палаткада той жасаған, ата-аналдарымыз да бақытты ғой» немесе «той – тәңірдің қазынасы» мағынасында тәуелсіздігіміздің арқасында «қолына қару емес, домбыра алып, той-думанға баратын біз ғанамыз» деген ұтымды шумақтарымен жерлестерінің қошеметіне ие болды.
Қос құрдас, бірі – Медет Байзақов ақын, екіншісі әзілкеш асаба Жасұлан Махаттың сөз додасын баяғыдағы «Жұлдызды айтыстағы» Сара Тоқтамысовамен сынға түскен Қанат Әлжаппаровтың қылжақтарына келіңкірейді. Медеттің қазіргі тойда дөңбектей асабалардың ыржақтап, ойнақтап, секіріп билеп, ерсі сөздер айтататынын меңзеп, қарсыласына «ақындардан гөрі жыр жаттаған, мыналар хит болып жүр қылжақтаған» деуі орынды-ақ. Жасұлан да Медеттің өткен-кеткен өмірбаянын, соның ішінде Әулиекөл, Қамысты, одан Қостанай аудандары арасында бір орында тұрақтамай жүргенін, саудагер, шоумен, тіпті, молда болып кететінін әдемі әзілдерімен «бетіне басып» отырды.
Төрт жұптың ішіндегі тартымды болған сөз додасы – республикалық, облыстық айтыстардың жеңімпазы Салтанат Өтелбаева мен белгілі асаба, әзілқой алтынсариндік Біржан Жүзбай арасында болды десек, қателеспеспіз. Салтанаттың қасиетті Меңдіқара елінен шыққан даңқты батырлар мен ақындарды тізе келе, «таудан биік тұлғалар жүріп өткен, табалдырығың таудан да биік маған» деуі орынды теңеу болғаны шындық. Және қарсыласына қырықтан асқанда айтысқа қатысып отырғанын «қырық жыл ашылмаған сандығыңның, түбін ашып үңіліп көрейінші» деген шумағымен орап әкеткені өте жарасымды. «Сенде қыз, менде ұл бар, құда болайық» деп мәселені төтеден бір-ақ қойды Салтанат. «Көңілінің күйін шертіп көрейінші, қырықта қылық ашқан келіншектің» деп бастаған Біржан құда болуға қарсы емес екенін, алайда, «құдаңа желді беріп, мақтап-мақтап, үйіме күнде-күнде кеп жүрме сен, жылына бір тартатын сыбағамды, күніне үш мәрте кеп жеп жүрме сен» деп, «құдағиына» «төркіні жақынның төсегі жиналмайды» тәмсілін ескертіп қойды.
Осы айтыста жарқ етіп көрінген – кеншілер қаласынан қатысқан асаба Еркін Нұржан. Бейімбет Майлин ауданының азулы ақыны Мамай Ізтілеудің «әлі күнге дейін Рудныйдың атауын Сарыбай қыла алмай жүрсің» дегеніне Еркіннің «қазақшалап алтынмен жазар едім, әкімдік тұтқасы менде болса» дегені өте ұтымды айтылды десек, артық емес. Сондай-ақ қарсыластар той тізгіндеушінің әдебі, соның ішінде атасымен жасты ақсақалдарды «тоқал ал» деп мазақ қылатынын айтуындай-ақ айтты.
Ақтық айналымда екі ақын – Мамай Ізтілеу мен Салтанат Өтелбаева, қос асаба – Біржан Жүзбай мен Еркін Нұржан қайымдасып өнер көрсетті. Мамай Салтанаттан, Біржан Еркіннен басым түсті.
Жыр додасының қорытындысы бойынша бас жүлдені Біржан Жүзбай жеңіп алды. 70 мың теңгемен қоса, атақты қолбасшы Тұрсынбай батыр атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Бірінші орынға Мамай Ізтілеу ие болса, екінші орынға Салтанат Өтелбаева, үшінші орынға Еркін Нұржан тұрақтады. Қалған қатысушы ақын-асабалардың барлығы демеушілер атынан алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Мұнымен қоса, Меңдіқара елінің тумалары даңқты С.Көбеев, Ғ.Жұмабаев, М.Қарабаев, О.Қозыбаев, К.Дөненбаева, З.Мұсақажы, Т.Тұрағұлов атындағы арнайы жүлделер барлық ақынға табысталды.
Қ.Қиысхан.