Көмектен тыс қалмайды
Ақпан айында Елбасы-Ұлт Көшбасшысы бастамасымен «Бақытты отбасы» жобасы қолға алынғаны есте. Облыстық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Гүлнар Әбенованың айтуынша, Қостанай кәсіпкерлері мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері бұл бастаманы қызу қолдаған. Олар тұрғын үйді сатып алуға және жөндеуге, тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларды көмірмен, отынмен, азық-түлікпен қамтамасыз етуге белсене қатысқан. Басқарма басшысының айтуынша облыста 4 және одан да көп балалары бар 5 086 көп балалы отбасы тұрады.
Биыл өңір кәсіпкерлерінің көмегімен Алтынсарин, Әулиекөл, Жітіқара, Қарабалық, Науырзым, Бейімбет Майлин, Ұзынкөл аудандары мен Арқалық, Лисаков, Рудный, Қостанай қалаларында мұқтаж жандарға 50 үй мен пәтер берілген. Оның жалпы сомасы 93 млн теңгеден асады.
Сонымен қатар, 16 мұқтаж отбасының үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған шамамен 3 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Жақында ғана Әулиекөл мен Сарыкөл аудандарында тағы екі отбасының пәтеріне жөндеу жүргізілді. Өңірде қаржылай мүмкіндігі жоқ 454 көп балалы және аз қамтылған отбасына қажетінше көмір, отындық ағаш түсірілген. Сандарға шақсақ, 9,5 млн.теңгеге 609 тонна көмір және 269 м3 отын Мұның сыртында 1 462 отбасы күнделікті азық – түлікпен, 39 отбасы 98 тонна мал азығымен қамтамасыз етілді. Мұның барлығына 28 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. 22 отбасының коммуналдық қызметтер үшін қарызы өтелген және энергиямен жабдықтауды қалпына келтіруге 4,9 млн. теңгеге көмек көрсетілді. Кейбір пешпен жағылатын үйлерге датчиктер орнатылған. Осылайша, екі мыңнан астам отбасына жалпы сомасы 137,6 млн.теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді.
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов жылыту маусымы басталғанын ескере отырып, көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларды көмірмен және отынмен қамтамасыз етуге аса назар аудару қажеттігін, сондай-ақ пешпен жылытылатын үйлерде өрт қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.
Әлібек ЫБЫРАЙ