МОЛШЫЛЫҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ
Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жылды қорытындылады. Елдің берекесін кіргізіп, ырыздығы мен несібесін молайтуға себесін болған шаруалар жыл он екі ай бойғы адал еңбек пен төгілген тердің жемісін татар алқалы жиында бас қосты. Жүздерін күн қақтаған механизаторлар мен малшылар, диқандар мен шаруа қожалықтарының жетекшілерінің еселі еңбегі қай марапатыңызға да лайық. Әсіресе, соңғы екі жылдағы әлемді жайлаған пандемия ауылшаруашылық саласын айналып өткен жоқ. Оның үстіне биылғы құрғақшылық зардаптары сала мамандарына ауыр тиді. Бірақ, ешбірі мүжілген жоқ. Қиындыққа қарсы тұрып, қамбаны дәнге, төскейді малға толтырды.
-Биылғы жыл ауыл тұрғындары үшін өте қиынға түсті. Бұған әрине, ауа-райының қолайсыздығы себеп. Дегенмен, «Еге білсең, егін тасқа да бітеді» дейді диқан қауымы. Диқандар дала жұмыстарын ерте көктемде бастап, күзгі-қысқы кезеңде жиналған ылғалды барынша сақтап қалуға тырысты. Егіс алдындағы өңдеу шаралары мен тұқым себу науқанын уақытында жүргізді. Алайда, егіс науқаны кезінде топырақта ылғал тапшылығы қалыптасты. Мәселен, мамыр айында облыс бойынша топыраққа 8,2 мм ғана жауын-шашын маусымда 10,3 мм түсті. Межелі кезеңде ауа температурасы кем дегенде 30-40 градустан түспей, әуе айналдырған аптап ыстық болды. Мұның бәрі ауылшаруашылығы дақылдарының өсуі мен дамуына қатты әсер етті. Оның үстіне шабылатын шөп те дұрыс шықпай қалды. Алдан шыққан осындай кедергілерге қарамастан, шаруалар 4 млн. 059 мың гектар алқапқа дән сіңіріп, одан 2 млн. 931 мың тонна астық жинап алды. Облыс бойынша орташа өнімділік гектарына7,2 центнерден айналды. 219 мың тонна майлы дақылдар тұқымы бастырылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 52 мың тонна картоп, 11,2 мың тонна көкөніс жиналды. 1 млн.084 мың тонна шөп, 218 мың тонна пішендеме, 244 мың тонна сүрлем, 877 мың тонна сабан дайындалды,-деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов.
Ол өз сөзінде жоғары өнімділікке қол жеткізген бірқатар шаруашылықты мысал етті. Олардың арасында мол өнім алған Федоров ауданындағы «Олжа Алтын Инвест» ЖШС,»Трояна» ЖШС, Ұзынкөл ауданындағы «Тойсай» ЖШС, «Ерущенко» шқ, Алтынсарин ауданындағы «Олжа Беляевка» ЖШС, «Айдала» ЖШС, Меңдіқара ауданындағы «Заря» АҚ, Қостанай ауданындағы «Павловский» шқ, «Әбіл» шқ, Сарыкөл ауданындағы «Тарасенко» шқ, Б. Майлин ауданындағы «Саламатов» шқ, Қарасу ауданындағы «Алмаз» шаруа қожалықтары бар.
-Тобыл-Торғай өңірі қашаннан алтын астықтың қамбасы, төрт түлік малдың өрісі болып саналады. Сіздер табанды еңбектің, зор жауапкершіліктің арқасында елдің игілігін арттыруға өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Биылғы жылғы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, диқандар қауымы бір дәнді ысырап қылмай, аянбай еңбек етті. Оның үстіне қандай қиын кезеңдер болса да, мемлекет тарапынан шаруаларға деген қамқорлық үзілген жоқ. Оған биыл тағы да көз жеткіздік. Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30-жылдығын атап өткелі отыр. Осы жылдар ішінде экономикамыз өрге басып, ауқымды реформалар іске асырылды. Еліміздің қалыптасуы мен дамуына осында отырған көптеген кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы мамандарының қосқан үлесі зор. Халқымызда берекенің бастауы – ауыл деген қастерлі ұғым қалыптасқан. Сондықтан, ауылдық елді-мекендерді өркендетуге бағытталған «Ауыл ел бесігі», «Жұмыспен қамту жол картасы» сияқты мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, сәтті жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын жүздеген әлеуметтік нысандар жөнделіп, жол салу, ауыз сумен, газбен қамту мақсатында инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Ауылдық жердегі халықтың әл-ауқатын арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмысты біз сіздермен бірлесіп жалғастыратын боламыз,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов салтанатты жиында.
Өңір басшысы ауылшаруашылығын дамытуға ұзақ жылдан бері сүбелі үлес қосып келе жатқан бір топ шаруаға «Еңбек ардагері» төс белгісін тапсырды. Олардың арасында Сарыкөл ауданындағы «Өтемісов» шаруа қожалығының жетекшісі Қаратай Өтемісов те бар. Ол өзінің жылдар бойғы еңбегінің бағаланғанына шынайы алғысын білдірді.
-Мен өз шаруашылығымды 1998 жылы ашып, сол жылы 500 гектарға егін септім. Қазір меншігімде 11 мың гектар жер бар. Биыл соның 7 мыңына дән сіңіріп, әр гектардан 19,4 центнерден өнім жинадық. Әрине, өнімділік жылдағыдан төмен, бірақ, табиғаттың бермесін тартып ала алмайсың. Былайғы жылдары біз 30 центнерден кем алмайтынбыз. Бәрі жоғарғы технологияның арқасы ғой. Менің қарамағымда елу шақты адам жұмыс істейді. Оның сыртында ауылдағы зейнеткерлерге көмектесіп тұрамыз,-дейді шаруа қожалығының басшысы.
Салтанатты жиында бір топ еңбек озаты «Ауылшаруашылық саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Олардың арасында Жанкелдин ауданындағы «Алмас» ШҚ басшысы Қайрат Райысов, Аманкелді ауданындағы «Нұрлы жол 2015» ЖШС директоры Мүбарак Шаяхметов, Денисов ауданы «Фрунзенское» ЖШС құрылтайшысы Сергей Шерер, Жітіқара ауданындағы «Рахимов» ШҚ басшысы Алик Рахимов, Қарасу ауданының «AstanaGrandTrade» ЖШС директоры Осман Сатаев, Қостанай ауданындағы «Светлый Джарколь» ЖШС директоры Алмат Естаев және басқалары бар.
-Озық технология қолданудың арқасында биыл орташадан сәл жоғары өнім алдық. Біз жауын-шашыннан тапшылық көрген жоқпыз. Биыл 15 мың гектарға егін септік. Шамамен әр гектардан 17-18 центнерден жинап алдық. Барға қанағат. Өткен жылы 1 млрд теңгеге жаңа техника сатып алдық. Осылайша, шаруашылықтың техника паркін түгел жаңарттық. Біз ауыл тұрғындарына үнемі қол ұшымызды созамыз. Оның сыртында басқа да әлеуметтік жауапкершілікті шынайы сезініп, көмектесіп отыруды өзіміздің перзенттік борышымыз деп санаймын,-дейді Алмат Естаев.
Салтанатты жиын соңында облыстың өнер шеберлері мереке иелеріне арнап концерт қойып берді.
Әлібек ЫБЫРАЙ,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ