8 өрт бекеті ашылады

Келер жылы өңірімізде осыншама өрт сөндіру бекеті ашылады. Ол 33 ауылдың 16 мың тұрғынын қамтымақ. 2014 жылдан бері аймақта 27 бекет, соның ішінде биыл бесеуі Буревестник (Науырзым ауданы), Боскөл (Қарабалық ауданы), Амантоғай (Амангелді ауданы), Жамбыл (Қостанай ауданы), Восточный (Арқалық қаласы) елдімекендерінде ашылып отыр. олар 95 ауылдың 64 мың тұрғынын қамтып отыр. Осы және қыс маусымындағы өртке қарсы әзірлік шаралары жөнінде аймақ әкімдігінде өткен слекторлық жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Талғат Кәкімов баяндады.   өрт
– Өңір аумағында 11781 бақылауға алынған нысан бар, олардың 2623-інің қауіптілігі жоғары саналады. Жыл басынан бергі 10 айда 2 мыңнан астам нысанның өртке қарсы жағдайы тексерілді. 4 мыңнан астам өрескелдік анықталды. 863 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. 4,2 миллион теңгенің 103 ақшалай айыппұлы салынды, 760 ескерту жасалды. Жалпы білім беру мекемелеріндегі негізгі өрескелдік – жылыту орындарын бейімсіз және мектеп ғимараттарына жапсарластыра салу болып табылады. Биыл 5 қазандық оқу ғимараттарының сыртына шығарылды, – деді Т.Кәкімов.
Департамент бастығы бұдан бөлек тұрғын үйлерді аралап, ескертулер мен жаднамалар қалдыру жұмыстарының үнемі жүргізіліп отырғанын жеткізді. Биыл жеке секторларда тұратын көп балалы отбасылардың үйлеріне ыс дабылқаққыштары орнатылған болатын. Өткен қазан айында Ұзынкөл ауданының әкімдігі көп балалы отбасыларға қосымша тағы 10 дабылқаққыш орнатып беріпті.  
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов Ұзынкөл ауданы әкімдігінің бастамасын барлық аудан-қалалар қолға алса деді. Сондай-ақ, аймақ әкімі облыс бойынша 573, Қостанай маңындағы 400 отбасы саяжайларда тұрып жатқанын, оларды қыс мезгілінде бақылауға алуын тапсырды. Себебі, онда уақытша пеш, сапасыз терезе салынады. Бұдан бөлек, қыста аң-құс, балыққа шығатындарды қадағалау алу қажет. Тағы бір мәселе – жаңа жыл қарсаңында көпшілік жаппай пайдаланатын пиротехникалық отшашулардан абай болу. Облысымызда пиротехникалық заттар сататын мекемелердің үшеуі ғана сертификатқа ие. А.Мұхамбетов ТЖД бастығына сапасыз отшашулардың соңы қайғылы жағдайға ұласпау үшін бұл жағын да айрықша бақылауға алуды тапсырды.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓