Жыл аяғына дейін созылады
Кәсіпкерлікті мемлекеттік деңгейде қолдау мақсатында ҚР тұңғыш Президенті салық төлеушілер негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды шегеру жолымен шағын және орта бизнес субъектілеріне салықтық рақымшылық жүргізу туралы тапсырма берді. Жаңа ереже талаптарымен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде құзырлы мекеме басшылары таныстырды.
«Айталық, негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда, салық төлеушілерге 2018 жылғы 1 қазанға есптелген өсімпұлдар мен айыппұлдар сомасы және де негізгі қарызды төлеген күнге дейін есептелген өсімпұл сомасы есептен шығарылады. Салық төлеуші негізгі қарыз сомасын ағымдығы жылдың соңына дейін төлеуге құқылы екеніне назар аударамыз», – деді сарапшылар.
Рақымшылыққа жер қойнауын пайдаланушылар, акцизді тауарларды өндірушілер және де мониторингке жататын, ірі салық төлеушілер сияқты, түсім нормасы жоғары экономика салаларында қызмет жүргізетін салық төлеушілердің жеке категориялары жатпайды.
Облыстық кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Шынар Мұқанованың айтуынша, бүгінгі таңда облыс бойынша шамамен 31026 салық төлеушінің 33 млн 99 мың 975 теңге өсімпұлы есептен шығарылған. Сондай-ақ, өңірде 988 млн теңге төлеген 2130 шағын және орта кәсіпкерлік өкілінің 341 млн теңге салығы кешірілген. Рақымшылық осы жылдың 31-желтоқсанында аяқталады. «Біз барлық кәсіпкерлерді мемлекеттің қолдауын дер кезінде пайдалануға шақырамыз», – дейді мамандар.
Әлібек ЫБЫРАЙ