Судың қаупі қашан сейіледі?
Өңірдегі күннің жылынуы мен тоқтаусыз жауын-шашынға байланысты бірқатар елдімекендерді су басуда. Мұндай көрініс Қостанай-2 шағын ауданында тіркеліп отыр. Қар еріндісі Гагарин жол айырығынан Дизель зауыты ауданына, солтүстік-батыс бөліктің тұрғын үйлері, шаруашылық құрылыстары мен аулаларына жеткен. Бұл туралы Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Мекеменің мәліметінше, қазір ол ауданда қозғалыс біршама уақытқа тоқтатылған, су сору жұмыстары жүргізілуде екен. Көлік қозғалысы, соның ішінде қоғамдық көлік Узкоколейный көшесі арқылы Киев көшесімен айналып өту бағытына ауыстырылған.
Ресми орган аймақтың қалған өңірлерінің де алаңсыз отыруына әлі ерте дейді. «Рудный қаласының Горняцкий ауылында Дощанов 2 көшесіндегі аулаларды, Қостанай ауданы Озерный ауылында Энгельс көшесіндегі тұрғын үйлерді, Таран ауданы орталығында СПТУ-15 көшесіндегі, Арқалық қаласы Мұнай базасы ауылында Комаров көшесі аулаларын, сонымен қатар Северный аулында Пролетерская көшесі 19, Сарыкөл ауданы орталығында Юбилейный көшесі аулаларын су басты» делінген департамент жолдаған хатта.
Су басу салдарын жою үшін төтенше жағдай қызметкерлерінің 42 адамы, 14 техникасы, жергілікті атқарушы органдар жеке құрамының 24 адамы, 16 техникасы жұмылдырылған. Өңірімізге басқа облыстардан да көмектер келіп жатыр екен. Атап айтсақ, Батыс Қазақстан облысының ТЖД бөлімшелері жеке құрамынан 51 адам, 9 автотехникасы, 8 қайық пен 10 мотопомпа қосымша күштері мен құралдары бар. Жағдайды тұрақтандыру үшін жергілікті атқарушы органдар, жергілікті полиция қызметі мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тәуліктік кезекшілікке шыққан.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ