Автобус пен трактор соқтығысты
Қостанай облысында автобус пен трактор соқтығысып, екі адам қаза тауып, бірнеше адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаменті баспасөз хатшысы Ирина Беженарьдің айтуынша, жол апаты «Рудный-Қашар» тасжолында болған.
«Жұмыскерлер алып келе жатқан ауысымдық автобус трактормен соқтығысты. Екі адам көз жұмды, тағы бірнеше адам ауыр дене жарақатын алды. Осы дерек бойынша тергеп-тексеру шаралары басталды», – деді И.Беженарь агенттік тілшісіне.
Қазіргі уақытта Рудный қалалық ауруханасына 20 шақты адамның жүгінгені белгілі болды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің кейінірек берген мәліметінше, жол-көлік оқиғасына жолаушылар автобусының жүргізушісі себеп болған. «49 жастағы жүргізуші мінген «Нефаз» маркалы автобус жол жиегінде тұрған «Беларус» тракторына соғылған. Трактор тіркемемен шөп әкеле жатқан. Қазіргі уақытта қылмыстық істің қосымша мән-жайларын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жалғасуда», — деді ведомствоның баспасөз хатшысы Ирина Беженарь агенттік тілшісіне.