Спортшы кісі өліміне кінәлі
Рудный қаласының соты кикбоксингтен спорт шеберін қамауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ол қылмыстық құқық бұзушылық туралы ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі бойынша айыпталуда. Қайғылы оқиға Рудный қаласының туған күнінде болған. 20 тамыз күні түнгі бірде «Горняк» мәдени ойын-сауық кешенінде күдікті 21 жастағы жігітке қол жұмсайды.
«Күдікті жігіттің басынан қолымен ұрады. Оған бас сүйек-мидің жабық жарақаты, самайдың сол жақ бөлігінің сынуы, мидың мылжалануы сияқты дене жарақаттарын салады. Денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген» – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Жәбірленуші 23 тамыз күні Рудный қаласы ауруханасының жан сақтау бөлімінде қайтыс болды. Күдікті – кикбоксингтен ҚР құрамасының негізгі мүшесі, спорт шебері, Қостанай облысы құрамасының капитаны. Оның есімі әзірге айтылмайды. Заңға сәйкес, жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер үшін сегіз жылдан он екі жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.