ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
Қостанай ауданындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде «Ғасырлар пернесі» қазақ халық ұлт-аспаптар ансамбльдерінің облыстық фестивалі өтті. Шараны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық Халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған. Басты мақсат – ұлттық өнерді дамытуды және көпшілікке өңірдегі халық аспаптар ансамбльдерін насихаттау.
Дәстүрлі шараға өңірде ұлттық мәдениетті облыстағы ең үздік деген он шақты өнер ұжымы қатысты. Олардың ішінде «Мирас» фольклорлық-этнографиялық ансамблі сияқты көпшілікке танымал ұжымдармен қатар, енді ғана қалыптасып келе жатқан жас ансамблдер бар. Мәселен, Қарабалық ауданынан келген «Асыл мұра» қазақ ұлт-аспаптар ансамблінің құрылғанына көп бола қоймапты. Жас өнерпаз Қаныбек Әли жетекшілік ететін бұл ұжым сахнада Сүгірдің «Бозінгенін» боздатып, қалың көрерменннің ыстық ықыласына бөленді.
Шалғайдағы Жанкелдин ауданынан ат арылтып жеткен «Дала сазы» ансамблі де Ахметбектің «Жылқышы» күйін шебер орындап шықты. Ұжым жетекшісі Сейілхан Алмастың айтуынша, «Дала сазы» 2018 жылы Болат Хамзин атындағы өнер мектебі негізінде құрылған. Алғашқы көркемдік жетекшісі – Бибігүл Жексенбай. Бүгінде ансамбль құрамында 12 адам өнер көрсетеді.
Аталмыш фестиваль аясында «Ұлы дала үні» атты облыстық қазақ ұлт аспаптары ансамбльдерінің байқауы өтті. Байқау қорытындысы бойынша Алтынсарин ауданының «Мұрагер» халық ұлт-аспаптар ансамблі бас жүлдені, Жангелдин ауданының «Дала сазы» ансамблі 1 орынды жеңіп алды. 2 орынды Қарабалық өнерпаздары еншілесе, 3 орынды Бейімбет ауданының «Әйет» ұлт-аспаптар ансамблі мен Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қазақ ұлт-аспаптар ансамблі өзара бөлісті.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков