Ем алуға мүмкіндігі жетпейді
Қарабалық ауданының Надежин ауылының тұрғыны – 12 жасар Вадим Бахарев көзінен ауыр жарақат алып, Ресейге емделуге кеткен болатын. Дегенмен офтальмология отасын жасауды мамандар 3 айға шегеріпті.
Бұның зақымданған көздің қазіргі қалпына байланысты екенін айтып отыр оташылар. Екі ай бойы Вадим Челябі облысы балалар ауруханасының дәрігерлерінің бақылауында болды. Анасы Галина Михель осы уақыт ішінде баласын Челябіге бес рет апарып келіпті. Қабылдау ақысы, қымбат препараттар, Челябі мен Қостанай қаласы аралығындағы жол құны табысы аз отбасының қалтасына салмақ түсірген.
Галинаның қазір жұмсалған ақшаны санап отырарға уақыты жоқ. Алда күтіп тұрған отаға қайдан ақша табарын ойлап шыр-пыр болады. Екатеринбургте жасалмақ маңызды отаның құны, шамамен, 300 мың теңгеге жуықтайды. Дәрігерлер бұл операция Вадимнің көру қабілетін 40-60 пайызға дейін қалпына келтіруі мүмкін екенін айтыпты. Дәрменсіз ана жергілікті "Сәуле" қоғамдық қайырымдылық қорына үміт артады. Өйткені осыған дейін де бұл қор көмекке мұқтаж науқас баланың көп ем-домының шығындарын көтеріскен болатын.
Жандос Жүсіпбек