Ағартушыға құрмет
Елбасының ұлттың рухани жаңғыруы туралы үндеуі әрбір игі іске үлкен негіз болып отыр. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғаннан тарлан тарихымыз бен асыл мұраларымыз жаңғырып, еліміз рухани жаңғыру жолына көш бастап, кемел келешекке бағыт алғандай. Бағдарлама аясында аудандық білім беру саласы бірнеше маңызды жобаларды атқарып, жыл ішінде «Өлкетану», «Саналы азамат», «Отаным – тағдырым» базалық бағыттары бойынша іс-шаралар жүзеге асырып келеді.
Жоба аясындағы сондай айтулы шара Құмкешу жалпы білім беретін орта мектебінде өтті. Қазақ Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Халық ағарту ісінің үздігі Қосымат Нұржанов атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды.
Ұстаздық жолда жасаған елеулі еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде насихаттау арқылы саналы, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған оқу кабинетінің ашылу салтанатына ел ағалары, ауыл тұрғындары, ұстаздар қауымы, мектеп түлектері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Кабинеттің лента қию рәсімі Амангелді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мұрат Сембайұлы мен Қосымат Нұржанұлының жұбайы Жұмазия Ержанқызына берілді. Кабинеттің ашылу салтанатында ауылдың құрметті азаматы Қоқанбеков Ғиниат Файзоллаұлы, Жұмазия Ержанқызы және Жұмаш Қосыматқызы сөз сөйлеп,«Рухани жаңғыру» бағдарламасының өткен тарих пен бүгінгі күнді сабақтастырудағы маңыздылығына тоқталып, ел келешектері үшін жасалған игілікті шараның ұйытқысы болған мектеп ұжымына үлкен ризашылықтарын білдірді.
Кабинеттің ашылу салтанаты «Ұстаз шырағы жанған күн, ұрпақ жұлдызы атқан күн» тақырыбындағы ғылыми – тәжірибелік конференциямен жалғасты. Конференция барысында мектептің 8 сынып оқушысы Ақгүлім Данабекқызы «Жүрек төріндегі асыл бейне» тақырыбында ұстаздың өмір жолы, 7 сынып оқушысы Перизат Бейсенбекқызы «Ұстаз еңбегі – елге мұра» тақырыбында Қосымат Нұржанұлының еңбек жолы, 6 сынып оқушысы Бейбарыс Жәнібекұлы «Ұрпағы ұмытпайтын ұлы есім» тақырыбында ұстаздың еңбек жолында жеткен жетістіктері туралы кіші зерттеу жұмыстарын жасады.
Мектеп директоры Арайлым Күмісбайқызы мен ауыл әкімі Аслан Хамитбекұлы кабинеттің ашылуына бастама жасап, толықтай жабдықталуына демеушілік еткен Қосымат Нұржанұлының ұрпақтарына ауыл тұрғындары, мектеп ұжымы, ата-аналар атынан зор алғыстарын білдірді.
Қосымат Нұржанұлы атындағы оқу кабинеті – Құмкешу орта мектебінде ашылып отырған төртінші кабинет. Бұған дейін де бағдарлама аясында Зейнолла Шаймұхамбетұлы, Темірбай Садуақасұлы мен Шотбай Әбенұлының ұрпақтары аталарының есімін ел жадында жаңғыртып, тарихи-педагогикалық мұражай, география кабинеті мен географиялық алаң, информатика кабинеті мен математика кабинетінің ашылуына демеушілік жасаған болатын.
«Өз ұлдарын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!» – деп Ілияс ақын жырлағандай, Құмкешу жерінде өткізілген шара туған жеріміздің тұғыры биік тұлғаларын ұлықтаудың айқын көрінісіндей болды.
Әнет Жұмабек,
Амангелді ауданы