Өңірлік кезең мәреге жетті
Қостанайда «Педагогикалық идеялар панорамасы» аты республикалық байқаудың өңірлік кезеңі мәресіне жетті. 1 маусымда басталған айтулы шараны «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған.Байқаудың ерекшелігі сол, оған жаңаша ойлайтын, ізденімпаз, заманауи технологиялардың тілін меңгеріп, дәрісті оқушыға жеңіл әрі қызықты етіп өткізе алатын мұғалдімдер қатысты. Ұстаздар конкурсы 22 номинациядан тұрады. Басты мақсат – бірыңғай ақпараттық-білім кеңістігінде заманауи педагогикалық тәжірибені жинақтау және насихаттау, педагогтердің ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзыреттіліктерін арттыру.
Байқауға мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік мектептердің мұғалімдері қатысты. Ережеге сәйкес, педагогтар сабақты видео-форматта және практикалық-зертханалық негізде өткізген. Барлығы 170 мұғалімнің жұмысы қазылар алқасының сараптауына жіберіліпті. Ал, 22 номинация бойынша жүлделі орындарды өзара бөліскен 66 ұстаз республикалық кезеңде бақ сынайтын болады. Аталған сайыста мұғалімдердің жұмыстары көпшілік назарына ұсынылып, кейін дауыс беру арқылы жеңімпаз анықталады.