Бүлдіршіндер алаңы салынбақ
Қостанай қаласындағы Гашек көшесі бойында "Тәуелсіз 25 жылдық жағажайы" атты ірі жоба жүзеге аспақ. Қазір мұнда құрылыстық-монтаждық жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жайында қала әкімі Базыл Жақыпов халық алдында есеп беру кездесуінде атап өтті. -Бұл жерде 1000 адамға арналған ашық амфитеатрдың құрылысы басталды. Сонымен қатар бір мезетте 300 көлік аялдайтын автотұрақ болады. Кіріберісте үлкен субұрқақ қоюды жоспарлап отырмыз. Бәрі де қала көркін арттыру үшін жасалып жатыр,-дейді шаһар басшысы.
Әкім сөзіне сүйенсек, мұнда спортпен шұғылдануға және белсенді демалысққа арналған барлық жаттығу құралдарын орнатпақ. Мәселен, арнайы шаңғы-роллері үшін ұзындығы 2,2 шақырым болатын трасса жасау жоспарда бар. Сондай-ақ, волейбол, шағын футбол, баскетбол сынды классикалық спорт түрлеріне және балаларға арналған ойын алаңдары орнатылады.
-Бұған қоса, қаланың әр жеріндегі ойын алаңдарын жөндеу және жаңасын орнату үшін 120 млн теңге бөлінеді. 20 млн теңге қалалық субұрқақтарды жөндеуге жұмсалады. Былтыр барлық кәсіпорын мен мекемелер бірлесіп, 5500 ағаш отырғызған еді. Биыл сол жасыл желекті күтіп, баптауымыз қажет,-деді өз сөзінде Базыл Жақыпов.