“Бірлік” әзербайжан бірлестігі Түркияға көмек жинауды бастады
Қостанай облысының "Бірлік" әзербайжан қоғамдық бірлестігі Түркиядағы зілзаладан зардап шеккен халыққа көмек көрсету мақсатында қаржы жинау жұмысын қолға алды.
Қазіргі уақытта 2 миллион теңгеден астам қаражат жиналған. Қаржы Қазақстандағы Түркия елшілігіне тапсырылады. Сондай-ақ, Ұлттық волонтерлік желі шотына банктердің мобильді қосымшалары арқылы ақша аударуға болады. Қостанай қаласындағы Алтынсарин көшесі, 115 мекенжайындағы облыстық Достық үйінде гуманитарлық көмек көрсету пункті ашылды. Ол жерде көрпе, ұйықтауға арналған заттар, термостар, фонарь, пауэрбанк, памперс, жеке гигиеналық заттар қабылданады. Барлық заттар бұрын қолданылмаған, жаңа болуы керек. Киім және аяқ киімдер қабылданбайды.
– Бауырлас ел – Түркиядағы зілзаладан жазықсыз жандар жапа шекті. Жараланғандар мен қаза тапқандар саны күннен күнге артуда. Біздің қазақ халқы әрқашан қиыналған жанға сүйеу болып, қайырымдылықтың озық үлгісін көрсетіп келеді. Тағы бір мәрте бірігіп, зілзаладан зардап шеккендерге қолұшын берейік. Ерікті түрде осы бастамаға қолдау білдірулеріңізді сұраймын, – деді "Бірлік" әзербайжан қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рафаил Гаджибалаев.
Қымбат ДОСЖАНОВА.