Жаңа маусымдағы жаңа қойылым

Кеңестік қылышынан қан тамған зұлмат дәуір. Кең етек алған сатқындық. Бетіңе күле қарап, сырт айнала бере, көпе-көрінеу көрінген екіжүзділік. Көгершін пендеге жасалған қиянат. Жазықсыз жабылған жала. Торға түскен бейкүнә тағдыр. Біржақты айыпсыз тергеу. Күштеп мойындатуға тырысу. Шаш ал десе, бас алған зұлымдық. Заңсыз орындалған сот үкімі. Қыршын кеткен ғазиз ғұмыр…
театр
Көрнекті жазушы, жазба әдебиетіміздің негізін қалаған жерлесіміз Бейімбет Майлиннің өмірін арқау еткен «Қаламгер» (Би-аға туралы тамшылар) спектаклінің тұсаукесерінде қамтылады. Облыстық қазақ драма театры биылғы 20-шы маусымашар шымылдығын бірегей тұлғаның бейнесін сомдаған қойылыммен бастап отыр.
Қазақ даласындағы тұңғыш дыбыстық «Амангелді» фильмінің сценарийін жазып, сол көркем туындының түсірілімін енді аяқтап келген жазушы-драматург «үштіктің» құрығына ілініп, қамауға алынғаны аян. Тергеу өкілдері де Би-ағаға қандай айып тақты? Қаламгер жазадан құтылу үшін алдында тұрған екі жолдың қайсысын таңдайды? Міне, осы көріністердің барлығын өнер ордасына барып көргеніңіз абзал.
Басты кейіпкерлерді театрдың жас актерлері Нұрлан Байшин (Бейімбет Майлин), Қымбат Әуезханова (Гүлжамал)сомдаса, бала Бейімбет бейнесінде – Әлижан Бек. Шара Мүсілова, Мейрам Жапаров, Ажар Шәкіржанова, Бақытжан Таңатқанұлы, Олжас Бегайдаров, Нұрлыбек Кенжеахметов, Төленді Әлғожин, Ерхан Барақов, Диана Тұрсынова, Ғабит Қызыровтар өздеріне жүктелген рөлдерді шеберлікпен алып шыққан.
– Биыл Би-ағаның 125 жылдық мерейтойында қайраткердің құрметіне арнап көрерменге қойылым тарту етпегеніміз біз үшін үлкен сын. Бұл – ұлы жазушының алдындағы парызымыз. Драмада кейіпкердің ішкі дүниесіне көбірек үңіліп, адами тұрғыдан көрсеткіміз келді. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сәдір жазда Би-ағаға арналған мүшәйраға келген кезде өзінің жазған туындысын ұсынды. Міне, содан бастап бірегей тұлғаның бейнесін сомдап шығару идеясы туындады. Сценарийі құрастырылып, соңғы бір ай көлемінде шығармашылық ұжыммен сахнадағы дайындықтарды өткіздік, – деді қойылым режиссері Әлия Баймахан.
теарт2
Маусымашарда құттықтау лебізін арнаған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов туынды сәтті шыққан деді. Ал арнайы келген қайраткердің ұрпақтары әрі Бейімбет Майлин қорының өкілдері «Қаламгер» (Би-аға туралы тамшылар) спектаклін Қазақстанның өзге де өңірлерінің үлкен сахналарында көрсетсе деген ұсыныстарын білдіріп жатыр. Өнер қарашаңырағына келіп, тұсаукесерді тамашалаған көрерменнің ұзақ уақыт шапалақ соғып, айрықша қошемет көрсеткенінен-ақ қойылымның қаншалықты жоғары деңгейде өткенін аңғару қиын емес.
Естеріңізге сала кетейік, аталған спектакльді 12 қазан күні 17.00-де тамашалай аласыздар.
теарт3
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓