Тиімді тұтынған үнемдейді
«ССКӨБ» АҚ үш бөлімшесінде жарықтандырудың жаңа жүйесі енгізіліп, қуатты үнемдейтін 12007 шам орнатылды.
Жарықдиодты шамдардың барлығы – қазақстандық «PROLUX LЕD» ЖШС өнімі.
– Орташа алғанда бұлардың әрқайсысы 100 мың сағатқа дейін апатсыз жұмыс істейді. Бұл дегеніміз үздіксіз 11 жыл бойы жұмыс. Ескі сынап және вольфрам шамдардың «өмірі» 1000 сағаттан аспайтын және олардың жарқырау деңгейі уақыт өте келе 40 пайызға дейін нашарлайтын. Жарықдиодты шамдарда мұндай кемшілік жоқ, – дейді бас энергетик бөлімінің жетекші инженері Андрей Гарась.
Шамдарды ауыстыру «нүктеге нүкте» бойынша жүргізілді: алдымен жарықтандыру жүйесі түгендеуден өтіп, орнатуға қажетті жаңа шамдардың түрі, маркасы мен саны анықталды.
Жоба энергетикалық қызмет көрсету туралы шарттың аясында жүзеге асырылады, яғни жарықдиодты шамдарды орнату төлемі электр энергиясын төлеу кезінде үнемделген қаражат есебінен жүзеге асырылады. Мамандардың есептеуінше, жаңа бағдарлама 3 жыл 4 айдың ішінде өзін-өзі ақтамақ. Осы уақыт ішінде ССКӨБ электр энергиясын үнемдеуден алынған кірісті «PROLUX LED» ЖШС компаниясына төлеп отырады. Энергияны үнемдеу аспектісімен қатар, жоба көптеген басқа артықшылықтарға ие. Мысалы, құрамында сынап бар лампаларды сатып алу, ауыстыру, жою мәселесімен айналысудың қажеті жоқ.
Екінші артықшылық – өлшеу құралдарымен де, қызметкерлердің пікірімен де дәлелденген жұмыс орындарындағы жарықтандырудың жақсаруы. Бұл жұмыс сапасы мен еңбек жағдайларының қауіпсіздік деңгейін жоғарылатып, қызметкерлердің психофизиологиялық жағдайына жағымды әсер етеді.
Кәсіпорынның энергетиктері оң нәтижелер бірлестіктің жарық жүйесін жаңғырту жұмыстарын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік береріне сенімді. ССКӨБ-тің тағы бес бөлімшесінде энергияны үнемдеу және энергия тиімділігі іс-шараларын қолға алу жоспарланып отыр.
Қуаныш ДОСПАН