Жұмыс жоспарға сай
Биыл Арқалық медициналық колледжін тамамдаған 6 маман Жанкелдин орталық аудандық ауруханасына жұмысқа орналастырылды. Ал дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша аудандық аурухана «СК-Фармация» компаниясымен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Биыл аудандық бюджет есебінен Қызбел ауылының медициналық пунктіне жедел жәрдем автокөлігі берілмек. Жалпы әлеуметтік саланы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес биыл 553 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.
Жанкелдин өңірінің сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылай келген аудан әкімі Шота Оспанов өңірлік баспасөз орталығында денсаулық, жұмыспен қамту көрсеткіштері және көшіп келушілердің легі жайында баяндады.
– Жұмысы жүріп тұрған 442 шағын және орта бизнес субъектілерінде 608 адам жұмыспен қамтылған. Оңтүстік облыстардан 10 отбасы көшіп келеді деп жоспарланса, бүгінгі таңда Қызылорда, Түркістан өңірлері мен Шымкент қаласынан 6 адам қоныс аударды. Олардың арасында жоғары білімді акушер-гинеколог маманы бар. Сонымен қатар, Милісай ауылына Қызылорда облысының Шиелі ауданынан 7 балалы Парванэ Байрамова есімді азаматша көшіп келіп отыр. Бұл отбасы мүшелерін қазір облыстың қоныс аударушылар квотасына енгізу үшін құжаттар облыстық комиссияға жолданды, – деді Шота Оспанов.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев