Қайырымдылық марафоны
Демалыс күні Рудныйда салауатты өмір салтын серік еткен мыңдаған адамның басын біріктірген «ERG Run Fest» жүгіру фестивалі өтті.
Ауқымды шара осыдан екі жыл бұрын «ССКӨБ» АҚ бастамасымен «Рудный марафон» деген атпен ұйымдастырылған болатын. Былтыр денсаулық акциясына Еуразиялық Топ кәсіпорындары орналасқан Ақсу және Хромтау қалалары да қосылып, бір мезгілде 3000 мыңнан астам атлет 3, 5, 10 және 21 шақырым қашықтыққа жүгірді.
Биыл «Горняк» жастар спорттық клубының стадионында өткен фестивальге 1800 адам қатысса, оның 500-і – балалар. Облыстың барлық аудан-қалаларынан бөлек, Нұр-Сұлтаннан, Ақтөбеден, Қарағанды, Көкшетау, Петропавлмен қатар Ресейден келгендер баршылық. Ал ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 120 курсанты спорт мерекесінің мерейін асырды.
"Осындай шаралар болашақ полицейлерді шынықтырып қана қоймай, жауынгерлік рухын көтереді. Өйткені олар бүгінгі ісімен жастарға үлгі болып, қайырымдылыққа өзіндік үлесін қосады", – дейді оқу орнының бастығы Нұрлан Биекенов.
Қалыптасқан дәстүр бойынша алдымен кішкентайларға кезек берілді. Олар жас ерекшеліктеріне орай 50-400 метр қашықтықты бағындырды. Мәреге жеткен әрбіріне еріктілер арнайы медаль, тәтті мен банан үлестіріп жатты.
Іс-шараның негізгі бөлімі дене жаттығумен басталды. Ол аяқталысымен қаз-қатар тізілген қатысушылар салтанатты әуенмен сөре сызығына қарай бағыт алды.
«ERG Run Fest» жүгіру фестивалін 21 шақырымға тіркелген «жартылай марафоншылар» ашып берді. Одан кейін әр үш минут сайын Экиден, скандинавиялық жүріс, 10, 5, және 3 шақырымдықтар жүгірісті бастап кетті.
Рудныйлақтар мен қала қонақтары 50 лет Октября, Парк, Ленин, Космонавттар, Дзержинский, Горняков және Мир көшелерін бойлай жүгірді. Ал ашық аспан, керемет ауа райы болса оларға тек көтеріңкі көңіл-күй сыйлағаны анық. Желаяқтардың бірі алдын ала жаттығып, жүлдегер атануға келсе, бірі жеке рекордын орнатуға, ал енді бірі жаңа ғана спортқа ден қоя бастағандар.
"ERG Run Fest" жай ғана жүгіру фестивалі емес, жүздеген адамның өміріне тың серпін беріп, спортпен айналысып кетуіне себепші болатын өте қажетті шара десек болады. Өзім жастайымнан жүгірумен және спорттың басқа да түрлерімен айналысып келемін. Жұбайым мен кішкентайым да спортқа жақын. Екі жыл қатарынан үздік үштіктің қатарындамын. Биыл 10 шақырымды таңдап, өз жас категориямда бірінші келдім. Ұйымдастырушыларға мың рахмет!" – дейді Бейімбет Майлин ауданының тұрғыны Ринат Кәрімов.
Жарыстың қорытындысы бойынша 21 шақырым қашықтықта ерлер арасында Алексей Воробьевқа, ал әйелдер арасында Екатерина Грицайға жететін жан болмады. Жалпы, барлық қашықтық бойынша үздік үштікке ілінгендер ақшалай және демеушілер тағайындаған сыйлықтарға ие болды. Экиден жүгірісінде Магнитогорлық «Magnitka_team» командасы топ жарды. Ал астаналық Аркадий Губарев коляскаға таңылғанына қарамастан 10 шақырымды оп-оңай бағындырып, мүмкіндігі шексіз екендігін дәлелдеді.
Айта кетейік, биылғы фестивальге қатысқан әрбір адам автоматты түрде қайырымды іске үлес қосты. Өйткені жүгіріп өткен әрбір шақырым үшін Еуразиялық Топ науқас балалардың емі үшін «Мейірімділік» ерікті қоғамы қорының есепшотына 100 мың теңге аудармақ.
Қуаныш ДОСПАН