«Тіл – барлық білімнің кілті»
Қазақстан халқы Тілдер күні қарсаңында Қамысты ауданында осындай атаумен салтанатты шарас өтті. Ұйымдастырушы – аудандық тілдерді оқыту орталығы. Аудан әкімдігінің аппарат басшысы Мырзамұрат Бисембаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Есембай жиналған жұртшылықты құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.
«Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Көп ұлтты мемлекет үшін мемлекеттік тіл өте қажет. Мемлекеттік тіл-көп ұлтты елдің барлық халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы. Олай болса, қазақ тілін жете білу арқылы біздер өнер мен білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне жетіп, өз халқымыздың өткен-кеткенін зерделеп, оны әлемге таныта аламыз. Өз тілімізді құрметтеу арқылы басқа тілді де үйреніп, мәдениетін қадірлейміз. Ауданымызда тұратын этнос өкілдерінің қатысуымен бір шаңырақ астында барлық ұлттармен тату-тәтті өмір сүріп жатқанымызды бейнелейтін «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты қойылым көрсетіліп, әр ұлт өз тілінде мерекемен құттықтады. Себебі достық бар жерде бірлік татулық болады» дейді тілдерді оқыту орталығының директоры Айнұр Сагидуллина.
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдер күні мерекесіне орай ана тілімізді дамытуға және ұлттық мұрамызды насихаттауға қосқан үлесі үшін С.Есембай М.Байзақ, А.Жеңісхан, Л.Ламерт, В.Байбәкірова, И.Стреленко, Н.Сотникова, Алтынсарин орта мектебінің 9-сынып оқушысы А.Папушойға алғыс хат және сыйлық табысталды.
Салтанатты шарада аудандық мәдениет үйінің әншісі Мәди Байзақов «Тіл – құдырет» арнауын арнады. Ал жергілікті өнерпаздар қазақ, орыс, украин, кәріс, өзбек, неміс тілдерінде ән шырқап, оқушылар «Алға Қазақстан» атты флеш-мобпен аяқтады.
Қ.ҚИЫСХАН