Мәселе – тіл мәртебесі
Қостанайда Тілдер күні қарсаңында "Мемлекеттік тіл – ортақ қазына" атты дөңгелек үстел өтті. Зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ЖОО оқытушылары бас қосқан жиында қазақ тілінің қоғамдағы рөлі, қолданыс аясы турасында әңгіме өрбіді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: "Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі үшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрегежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек", – деген болатын. Ана тіл мәртебесіне айрықша мән беруді міндеттеген мемлекет басшысының ұсынысын талқыға салу осы басқосудың басты өзегі болды.
"Ә.Бөкейхановтың: "Хай халық болса да азаттығын тіл азаттығымен байланыстырады", – деген сөзі бар, – деп бастады қоғам белсендісі, ҚМУ профессоры Қалқаман Жақып. – Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуына қоғам, негізінде, дайын. Уақыты келді. Тек оны байыппен, бірте-бірте іске асыру қажет. Әлеуметтануда "Тілдік өлшем" деген түсінік бар. Ол – елде қай тілде тұрғындар басымырақ сөйлесе, оның соншалық абыройы бар дегенді білдіреді. Сондықтан, өзектілігі жойылмай келе жатқан ана тілдің мәртебесін көтеруге барынша мән беретін кез жетті. Ол ең әуелі жоғарғы жақтан басталса игі".
Қалқаман Хасенұлының айтпағы, қазақ тілінің мемлекеттік мекемелерде қолданыс аясы тар, іс-қағаздардың әлі күн орыс тіліне "күні қарап" келеді. Осы реттегі оның пікірі қабылданғанына 30 жыл болған "Тіл туралы" Заңның 7-бабының қазақ тілін орыс тілімен "тең" қолданылуын меңзейтін 2-тармағы қайта қараса дегенге саяды.
"Карл Маркстың: "Елдің тілін не турист, не басқыншы, не ақымақ қана білмейді",- деген пікіріне сүйенсек, осынша жыл мемлекетте өмір сүріп отырып, оның тілін үйренуге құлықсыздарды қайсысына жатқызамыз? – деген риторикалық сұрақпен сөзін бастады Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы. – Сондай құлықсыздықтан арылмай, бұл мәселені қаптаған жиындармен, қыруар ақшамен шеше аламыз ба? Біз әлі "менің тілімді үйрен" деумен өтініп келе жатырмыз. Олар, шыны керек десеңіз, біздің рухани әлемімізді түсінбесе, ештеңе өнбейді-ау. "Қазақ тілін білмесең, жұмысқа тұра алмайсың" деп талапты турасынан қоюымызға әлі қанша жыл керек?"
Мемлекеттің тілін құрметтеу, түсіну, үйрену, білу патриотизмнің бір мысалы екенін айтты аға буын өкілдері. "Ана тілдің ертеңі аналардың қолында, Аналардың ертеңі мыналардың қолында", – деп әркімге бір сілтемей, әрқайсымыз жауапкершілікті сезінуіміз керек деді зиялылар. Одан әрі де аудиторияда қалдыра салғысыз салмақты пікірлер ортаға салынды.
"Әбден жауыр болған мәселе екені бәрімізге белгілі. Айтудан, жазудан гөрі нақты іске көшетін уақыт болғанын жалтақтамай мойындауымыз керек. Президент сөз етті екен – енді оны іске асырудың тетігін тауып, жолын қарау қажет. Ол үшін ескі үрдістерден арылу шарт. Мысалы, оқушыларға қазақ тілін оқытуда біз грамматикадан ары аса алмай келеміз. Тестілеуге байланып, кітап ережесін ежіктеуге дағдыланып кеткенбіз. Оқушыларға әу бастан тұрмыстық қарым-қатынас, ауызекі тілін үйретуге баса мән берілуі қажет", – дейді филолог Қарлығаш Нұмұхамедова.
Маманның айтуынша, бұл мәселе соңғы кездері жиі көтеріліп жүр. Қозғалыс та бар, бірақ мардымсыз. Осы жайтты өзге ұлт өкілдері де құптап отыр.
"Жалпы, Президенттің тілге тиек етіп отырғаны – кері қайтаруға келмейтін үрдіс. Мемлекеттік тіл мәселесінің барған сайын маңызы арта берері сөзсіз. Қазіргі таңда оны игеруге деген қоғамдық ұмтылыс та олқы емес деп есептеймін. Қазақ тілін өскелең буынға үйретуде ықпалды әдіске көшуге мейлінше мән берілуі тиіс. Орыс тілі ешқайда қашып кетпес. Ал қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту қажеттігі айдан анық дүние. Мұнымен қоса, ғылым тілі, жаһандық үдеріс тетігі – ағылшын тілін игеру де Қазақстан үшін аса маңызды. Әрине, мұның бәрі этносаралық ынтымақтастыққа көлеңке түсірмейтіндей, тактикалы тұрғыда жүзеге асса, нұр үстіне нұр", – дейді жас ғалым Денис Качеев.
Тағы бір ұсыныс – барлық мекеме-ұйымдарға әр айда үш рет тек қазақ тілінде сөйлеуді міндеттеу. Осындай ой қосқан спикерлер мұның мемлекеттік тілде сөйлеуді дағдыға айналдыруға ықпалы боларынан үмітті. Ал Тілдерді дамыту басқармасының өкілдері осы сипаттас шаралар жүйелі іске асырылып жатқанын айтты. Мәселен, солардың бір парасы – "Достық үйінде" былтырдан бастап қолға алынған қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптейтін жоба. Әр ай қандай да бір жоралғыға арналып, соның аясында ұлттық таным ғана емес, мемлекеттік тіл де насихатталып келеді.
Мұның сыртында, өңірде қазақ тілін үйретуге, латыннегізді әліпбиді дәріптеуге арналып өткізілген шаралар туралы деректер айтылды. Алдағы уақытта мұндай басқосулар әлдеқайда ауқымды аудиторияларда, жастар арасында жиірек ұйымдастырылмақ.
Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков