Үлгілі отбасы – жарасымды жұптан шығады
Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты.Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен.
Осындай киелі шаңырақтан тәрбиеленіп, үлгілі отбасының тірегі болып отырған Оспановтар әулетінің ұлы Шоқан мен келіні Гүлдана жас отбасылар қатарының алдыңғы сапында.Бақ қонып, қыдыр дарыған қара шаңырақтың егесі атанып отырған Шоқан Сәбитбекұлы “Жанкелдин ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі” мемлекеттік мекемесінде бас маман, ал енесі Ұлжалғас анамыздың ақыл, кеңесін тыңдап, қазақи салт–дәстүрді санасына сіңіріп, ибалы келін атанып отырған Гүлдана Бейбітқызы “Жанелдин ауданының ішкі саясат бөлімі” мемлекеттік мекемесінде жетекші маман болып абыройлы қызмет атқарып келеді.Шоқан мен Гүлдана жұмыстан тыс бос уақыттарында үй ауласын жинап, тазалап, көктем айында жасыл көшектер отырғызып, аула ішіне бау –бақша егіп, күтіп баптап отыруды кәсіпке айналдырған. Оның сыртында үйдегі қарт кісілердің көңілін тауып, қас–қабағына кірбің түсірмей ерлі – зайыптыға тән сый –құрметтерін көрсетіп, кіші пейілдік ілтипаттарын да өз мойындарына жүктеген. Жас отбасының тәлім –тәрбиесін үлгі тұтқан Димаш пен Жанел ата –әжесінің қолқанаты.
Байбатыр Ахметбеков
Жанкелдин ауданы