ТӨРТТІҢ БІРІ – САТУШЫ
Еліміздегі шағын бизнестің төрттен бір бөлігін дүкендер мен техникалық қызмет көрсету бекеттері құрайды. Осы бағытта зерттеу жүргізген finprom.kz ақпараттық порталының хабарлауынша, сауда және автожөндеу саласында 38 мыңға жуық кәсіпкер тер төгуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7% – ға артық.
Өсімнің еліміздің оңтүстік өңірлерінде ғана байқалып отырғанын айта кеткен жөн. Солтүстік өңірлерде көрсеткіш айтарлықтай кем. Жалпы, елімізде белсенді шағын компаниялар саны бір жылда 7,9% – ға артып, 158,7 мыңға жеткен.
Елімізде жаңадан кәсіп ашқандардың қатары артып, үлес салмағы бір жылда 35,1% – дан 37% – ға дейін өсті, ал жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар керісінше жабылуда. Санға жүгінер болсақ, іс жүзіндегі кәсіпорындар саны 56,2% – дан 55,4% – ға дейін қысқарған. Жыл ішінде жұмыс істеп тұрған шағын компаниялар санының өсуі 9,6% – ды, тіркелгендері 2,5% – ды құрады.
Барлық белсенді шағын компаниялардың 40% – дан сәл астамы Алматыға (жылына 37,2 мың, +13%) және Нұр-Сұлтанға (жылына 26,5 мың, +10,7%) тиесілі. Үшінші орында ШҚО: 9,9 мың шағын белсенді компаниялар – өткен жылмен салыстырғанда 2,9% – ға артық.
ҚР-да шағын белсенді кәсіпорындар санының екі өңірде ғана қысқаруы байқалды. Атап айтқанда, Қарағандыда 7,2% – ға қысқарып, кәсіпкерлер саны 9,6 мыңға кеміпті. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысындағы көрсеткіш 0,6% – ға кеміп, 5,2 мыңға дейін азайған.
Ең елеулі өсім Шымкентте (17% – ға, 6,2 мыңға дейін) және Алматы облысында (15,6% – ға, 8,1 мың компанияға дейін) байқалады. Қостанай облысындағы көрсеткіштің де оңып тұрғаны шамалы. Ауқымды жобалардың жүзеге асырылып отырғанына қарамастан, аймақтағы кәсіпкерлер қатары 7,1 пайызға ғана өсіпті.
Барлық белсенді шағын компаниялардың төрттен бір бөлігі автомобильдер мен мотоциклдерді сату және жөндеу саласына тиесілі. Мұндағы өсім жылына 7,4%-ға жетіп, 37,7 мыңды құраған.Екінші орында құрылыс (жылына 16,1 мың, +17,4%), үшінші орында білім беру (жылына 15,4 мың, +4,8%) саласы тұр.