Еңбегі еленсе екен…
Есімі елге белгілі Мінайдар Сәлімұлы Салин 1904 жылы Меңдіқара ауданы, бұрынғы Қаратал кеңшарында дүниеге келген. Мінайдар Сәлімұлына биыл 115 жыл толып отыр. Мінайдар Салин деген кім? Оның өмірбаянынан қысқаша деректерді қарап көрейік.
1921 жылы шекаралас Қорган облысының бір мектебінде окып, 7 сыныптан кейін ауыл ішінде жастар жұмысына араласа бастайды. Қазақ жастарынан алғашқылардың бірі болып Комсомол катарына өткен. «Қосшы хатшысы» болып жургенде, 1923 жылы Орынбор рабфагына оқуға жібереді. 1925 жылы оқуын аяқтаған соң, Қостанай округтік комсомол ұйымында пионер жастарды басқарған. 1930 жылдан КПСС мүшесі, кейін Талғар ауылшаруашылық техникумын, СОКП орталық комитеті жанындағы жоғарғы партия мектебін Мәскеуде бітірген. Білімі жоғары.
1928 – 1938 жылдар арасында кеңес үкіметінде жауапты қызметтерді атқарған. 1938 жылдан бастап, зейнетке шыққанға дейін республикалық деңгейде үлкен басшылық лауазым иесі болған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, 1939 жылдан 1945 жылға дейін Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінде хатшы, 1945-1953 жылдары Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында обкомның бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған. 1953-1973 жылдары ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары секілді жауапты қызметте болды. Қазақ КСР, КСРО жоғарғы кеңестеріне депутат болып сайланған. Үкімет Мінайдар Сәлімұлының енбегін әділ бағалап, 1 дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі› ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. 1974 жылы зейнетке шықты. 1983 жылы 80 жасқа қараған шағында дуниеден өткен. Қазанамасына Д.Қонаев, Б.Әшімов бастаған республика басшылары қол қойып, Мінайдар Салинді соңғы сапарға шығарып салған.
Міне, осындай кісінің есімі не республикалык, не облыстық энциклопедияға кірмеген. Қостанай өңірінің тумасы, ел үшін жасынан аянбай еңбек еткен бұл тұлғанын есімі еш жерде аталмауы ішті қынжылтатын жайт.
Жерлесіміздің 115 жасқа толуына байланысты есімін мәңгі есте қалдыру – ұрпақ аманаты. Сол себепті, Қостанай қаласында, Меңдіқара ауданында мектеп, көшелерге Мінайдар Салин есімі беріліп, шаралар өткізілсе дейміз.
Есет Көбеков,
Меңдіқара аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы