Жұмыс жіті бақылауда
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қаладағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралады. Атап айтқанда, өңір басшысы №30 орта мектеп пен №21 негізгі жалпы білім беретін мектептердегі жөндеу жұмыстары барысымен танысты. Айта кету керек, аталған мектептерде күрделі жөндеу бірінші рет жүргізілуде. №30 мектеп 1958 жылы пайдалануға берілген. Енді мұнда жалпы құрылыс жұмыстары өткізіледі. Әуелі шатыры жөнделіп, кейін инженерлік коммуникациялар, терезе және есік блоктары, оқушы жиһазы жаңартылмақ. Бұл мақсатта бюджеттен 500 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Архимед Бегежанұлы білім ордасындағы «қара» жұмыстарды қазан айында аяқтауды тапсырды. Оқушылар жаңа оқу жылын №10 орта мектепте бастайды.
Ал №21 орта мектептің шатыры жөнделіп, инженерлік желілері қалыпқа келе бастаған. Енді терезелері, санитарлық желісі толығымен алмастырылады.
– Осы жылы облыстың білім беру саласында 21 нысан күрделі жөндеуден өтті. Осы мақсатқа бюджеттен 2,7 млрд.теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артық. Жөндеу жұмыстарының едәуір бөлігін тамыз конференциясына дейін аяқтауды тапсырамын, – деді Архимед Мұхамбетов.
Қазір Қостанай қаласында ұзындығы 8,9 шақырым аумақта 5 көше (Гагарин, Павлов, Абай, Қайырбеков, Чкалов) қайта жаңартылып жатыр. Бұл көшелерді ретке келтіруге 3 млрд теңге қарастырылған. Айта кетейік, осы жылы 550 млн теңгеге ұзындығы 43 көше орташа жөндеу көреді.
– Жаз тез өте шығады. Сол себепті 2020 жылға мердігер іздеу қажет. Олар қыс бойы инертті материалдарын дайындап қоюы тиіс. Көктем туа дала жұмыстарына кіріседі. Қостанай-2 ауданын жаңа кейіпке енгіздік. Енді қаланың басқа да шағын аудандарын жаңарту міндеті тұр, – деді облыс басшысы.
Қала шетіндегі саябақтарда асфальтбетонды жабын төселінетін болады. Архимед Бегежанұлының айтуынша, 2019 жылы Қостанай қаласының көлік инфрақұрылымын дамытуға 4,1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы жоспарлы түрде игеріледі.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков