Мұсылмандар қауымы “Қара жұмаға” қарсы
Олар Қостанай облысының әкіміне "Қара жұма" аталатын сатылым науқанын болдырмауды сұрап ашық хат жолдады. Бастамашылар бұл хатта, біріншіден, "Қара жұма" акциясының жаға ұстатарлық тарихын баяндап, екіншіден, мұсылман баласы үшін қасиетті саналатын Жұмаға көлеңке түсіретінін айтқан. Енді БАҚ арқылы жалпы халықтың хабардар болғанын қалайды.
Қазір көптеген ірі сауда орталықтары, интернет-дүкендер 25 қарашада өтетін "Қара жұмаға" қызу дайындалып жатыр. Мұндай сатылымдар әуелі 19 ғасырда Америкада пайда болған. Кейін Еуропаға тарады. Біздің "салтымызға" ене бастағанына көп болған жоқ,— дейді хат иелері “ТоболИнфо”-ға берген мәліметінде.
Олардың айтуынша, мұның тарихы сұмдықтың нақ өзін жасырып жатыр.
"Қара жұма" атауы 1966 жылы берілді. Осы күні таңғы 5-те дүкен ашыла салысымен сатушылар мен күзетшілер тым-тырақай қашады. Себебі адамдар сөрелерге лап беріп, төбелесіп, бір-бірін өлтіруге дейін барады. Қару қолданады. Адамдық келбеттен айырылады, — деген дерек айтады.
Сондықтан, хат иелерінің пікірінше, тарихы зұлымдықтан тамыр алатын мұндай сатылымды "жарқын" немесе "ақжолтай, жомарт" деп дәріптеудің қажеті жоқ. Олар елімізде таяуда пайда болған бұл сорақы құбылыс өскелең ұрпақ санасына кері әсер етеді деп отыр.
Жұма — әлем мұсылмандары үшін ең қасиетті күн. Біз, облыс жамағаты, мұндай сатылым күнін өткізу дін жолындағы мұсылмандар сезіміне селкеу түсіретін әрекет деп санаймыз. Біз көпұлтты елдің бірлігін қолдаймыз, бірақ мұндай сайтани науқанға қарсымыз, — дейді мұсылмандар қауымы.
Облыс әкіміне жолданған хатқа жүзден астам адам қол қойған. Олар өңір басшысынан барлық ірі сауда мекемелерінің иелеріне осы өтінішті жеткізуді сұрайды. Бірақ әзірге әкімдіктегілер бұл жөнінде ешқандай ақпарат берген жоқ.