Қамдансаң, қапы қалмайсың
Рудныйдың Жылуэлектр орталығында алдағы жылыту маусымына әзірлік жалғасуда. Қазіргі таңда күрделі жөндеулер бойынша жоспарланған жұмыс көлемінің 70 пайызы артта қалды. Жабдықтарды жөндеу және жаңарту стратегиялық нысанның барлық учаскелерінде "ССКӨБ" АҚ инвестициясы есебінен жүргізіліп келеді.
– "Ерте қамдансаң, қапы қалмайсың" дегендей, әзірлікті наурызда бастап кеттік. Жөндеулер №4 бу қазандығында, №5 су жылытқыш қазандықта, №1 бу турбинасында жүріп жатыр. Бұл жабдықтардың барлығы қала мен Горняцк кентін жылумен қамтамасыз етуге қатысады, – дейді ЖЭО директоры Олег Әбілқайыров.
Жылу мен ыстық су берудің сапасы мен сенімділігін арттыру күн тәртібінен еш түскен емес. Сол себепті негізгі жабдықтардан бөлек құбырлардың көп бөлігі ауыстырылмақ.
Айта кетейік, тамыздың соңына қарай орталық 15 тәулікке өз жұмысын тоқтатады. Осы кезде желілерді қысымға тексеруден бөлек, жылумен жабдықтау тізбегін пайдалану ке-зінде жөндеу мүмкін болмайтын нысандар жаңартылады.
Осылайша, барлық іс-шаралар кешені алдағы қысқа сапалы дайындықты аяқтауға мүмкіндік бермек.
Куаныш ЕСҚАБЫЛ