Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі
«Nur Otan» партиясы түрлі спорт федерациялары және ұйымдармен бірлесіп спортты насихаттауға бағытталған ірі көлемді ұлттық және халықаралық, сонымен қатар аймақтардағы жүздеген спорттық шараларды тұрақты ұйымдастырып келеді. Айта кету керек, партияның қолдауымен жыл өткен сайын мүмкіндігі шектеулі спортшылардың да қатысуымен өтетін шаралар саны арта түскен.

Nur Otan партиясы Арқалық қалалық филиалының мұрындық болуымен жергілікті Қосымша білім беру орталығы бірлесіп доп додасын ұйымдастырды. Оған шағын шаһардағы жас жеткіншектерден құралған 10-ға жуық команда қатысты.


Бір аптаға созылған шағын футбол турнирі өз мәресіне жетті. Әр команда "А" және "Б" тобына бөлініп өнер көрсетті. Әрқайсысынан дара шыққандар бас жүлде үшін таласқа түсті. Аламан бәсекенің қорытынды ойынында Б.Майлин атындағы 3-ші орта мектебі командасы мен Ы.Алтынсарин атындағы гимназия аяқдопшылары өзара сынға түсті. Тартысты ойында алғашқылары жеңісті жұлып әкетіп, жарыс жеңімпаздары және "Nur Otan" партиясы кубогының иегерлері атанды. Үштікті М.Әуезов атындағы бесінші орта мектебінің жас спортшылары түйіндеді.

Әсел Қибаш