Есірткі жарнамасына қарсы күрес
Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері және «Наша газета» басылымының журналистері есірткіні жарнамалайтын жазуларды жою бойынша осы жылы екінші рет акция өткізді. Бұл ретте оларға «Аула клубы» КММ жасөспірімдері көмекке келді.
Полиция қызметкерлері мен журналистер әр еріктіге «Есірткіге жол жоқ!» жейдесі мен бояулар үлестірді. Тәртіп сақшылары мен волонтерлерден, журналистерден құралған топ қаланың шағын аудандарын аралап, есірткі жарнамасын жойды.
Акцияға қатысушылар өз жұмысын Майлин көшесіндегі 16-үйден бастады. Одан кейін 8 шағын ауданында орналасқан № 16 және 17-үйлерді жарнамадан тазалады. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері полиция майоры Айгүл ЕРАДИЛОВА қала тұрғындарын осындай жазбаларды бояуға шақырады.
-Көбінесе жастар әуесқойлықтан осы жазбаларға еріп кетеді, синтетикалық есірткілерге тапсырыс беруді ұсынатын күдікті мазмұны бар сайттарды табады. Біз осымен күресеміз, өткізушілерді, сондай-ақ есірткі таратушыларды анықтау бойынша жұмыс жүргіземіз. Мәселен, жақында ғана автобус аялдамасында графитти (есірткіні жарнамалау) салғаны үшін 2 жас адам ұсталды, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері бұл 30-шы акция, – дейді Айгүл Ерадилова.
Мұндай жазбаларды тұрғын үйлерде, аялдама павильондарында, гараждарда кездестіруге болады. Бір күн ішінде қатысушылар осындай отыздан астам мекенжайды бояды.
– Бұл шын мәнінде пайдалы және өте қажетті іс. Біз есірткімен байланысты қандай да бір қылмыстың алдын алуға қуаныштымыз. Бұл біз үшін өте қызықты, өйткені бұл жерде жақсы іс жасайтын балалармен танысуға болады және сен әрқашан жақсы адамдармен бірге жүретініңді түсінесің, – деп атап өтті Қостанай қаласының №16 мектебінің оқушысы және «Жас сарбаз» аула клубының өкілі Елизавета Радионова.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары тұрақты негізде БАҚ көмегімен облыс тұрғындарына синтетикалық есірткіні сату деректері туралы жедел хабарлау керектігін хабарлайды. Полиция қызметкерлері хабарламаны алғаннан кейін оны тексереді және ол расталған жағдайда қылмыстық әрекеттің жолын кесу жөнінде қажетті шаралар қабылдайды.
Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі