Қауіпсіздік қаперіңізде болсын
Өткен демалыс күндеріндегі ерекше ыстық ауа райы облыс су айдындарында төтенше жағдайлардың өсуіне алып келді. Суға шомылу кезінде 25-тен 68 жасқа дейінгі үш ер және бір әйел құрбан болды. Адамдар бейімделмеген жерлерде шомылады, өз күшін асыра бағалайды, балаларды қараусыз қалдырады, спирттік ішімдіктерді пайдаланады, мұның салдары қайғылы жағдайға әкеледі. Бұл туралы арнайы брифинг барысында Қостанай облысы ТЖД бастығы азаматтық қорғау полковнигі Т. Кәкімов хабарлады.
Спикердің айтуынша, бүгінгі таңда облыста халықтың шомылу, демалу және балық аулау үшін пайдаланатын 5 мыңнан астам су қоймасы бар. 9 ресми, 3 коммуналдық және 6 жекеменшік жағажай жұмыс істейді. ТЖД құтқару бөлімшелері 9 жағажайдың тек екеуін ғана бақылайды. 3 қауіпті учаскелерде: Қостанай қ. Гагарин бөгеті, Арқалық қ. Ақжар су қоймасы және Жітіқара қ. Шортанды су қоймасы 2-3 құтқарушыдан және 1 жүзу құралынан қосымша мобильді құтқару бекеттері қойылды.
Су айдындарын және су маңындағы демалыс орындарын қамтуды арттыру үшін 13 жасақшы ақысыз негізде оқытылды. 6 балалар лагерінде орналасқан жасанды қазаңшұңқырларда жағажай акваториясының түбі, құтқару жабдықтары тексерілді, судағы қауіпсіздік шаралары туралы ақпараттық стендтер орнатылды, жүзу шекаралары, қоршау белгілері мен балалардың шомылуына арналған учаскелер анықталды.
Полиция департаментінің аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, өзендерде, көлдерде және қазаншұңқырларда 597 рейд жүргізілді. Әкімшілік жауапкершілікке 46 адам тартылды. 37 азаматқа 357 мың 288 теңге көлемінде айыппұл салынды және 9 азаматқа ҚР ӘҚБтК 364-б. бойынша ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін ескерту жасалды.
Халық арасында 17 мыңнан астам буклет, жадынама мен парақшалар таратылды. Суға шомылу үшін қауіпті учаскелерде 298 ескерту және тыйым салу белгілері орнатылған. 113 көрнекі-үгіт стендтері және 20 бильбордпен жабдықталды. Үгіт-насихат жұмыстары үшін әлеуметтік желілер мен БАҚ аккаунттары кеңінен қолданылады, бейнероликтерді көрсету жүзеге асырылады.
Бұдан әрі, облыстық ТЖД басшысы атап өткендей, ағымдағы жылдың 15 шілдесіндегі жағдай бойынша, облыс су айдындарында 15 адам суға батып кетті (2018 жылы-16), оның үшеуі бала (2018 жылы – 6 бала). 90% жағдайда адамдар суға түсуге арналмаған жерлерде қаза болды. 2019 жылдың өткен кезеңінде ТЖД қызметкерлері 28 адамды құтқарды, оның тоғызы бала. Суда қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс ТЖД ерекше бақылауында.
Сөз соңында Т. Кәкімов тұрғындарға қайғылы жағдайға ұшырамау үшін судағы қарапайым қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауды ескертті.