Жастар жылының жаңалығы
Амангелді ауданы орталығынан шалғайда жатқан Ақсай ауылы елімізде болып жатқан жаңалықтардан тыс қалған емес. Туған өлкеге деген айрықша істерімен ел есінде қалған ерлер есімі бұл өлкеде де көптеп кездеседі. Бүгінгі таңда сол аға-апаларының ізін жалғаған жалынды жастар өсіп келе жатқанын көруге болады.Жастар жылына және Елорда күні мерекесіне орай ауылымызда «Жастар саябағы» ашылды. Ашылу салтанатына арналып мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты ашу рәсімі белгілі спортшы,самбодан әлем чемпионы Сәуле Ғабдуллинаның анасы Несен Ахметжанқызына және ауыл әкімі Шоқан Қуанышбайұлына берілді. Мектеп бітіргендеріне 19 жыл толған түлектер туған ауылдарына деген ыстық ықыластарын саябаққа орнатқан ерекше белгімен білдірді. Түлектер атынан Есенжол Олжекенұлы ауылдастарды мерекемен құттықтады. «Мен ауылымды жақсы көремін» мағынасындағы бұл белгі жастардың туған жерге деген ыстық ықыластарының символы деуге болады.
Әр адамның жүрегіне ауылына деген патриоттық сезімін ұялататын осы бір жылы сөз жастарымыздың елжандылық қасиеттерін ұштай түспек. Саябақтың салтанатты ашылуының соңы мерекелік концертке ұласты. Ауыл өнерпаздары жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады. Концерт соңына қарай жасалған отшашу мереке көркін аша түсті. Іс-шараның соңы ауыл жастарының көңілді би кешімен аяқталды. Болашақта ауыл жастарының демалыс орталығына айналатын қоғамдық орынға ағаш көшеттері және гүлдер отырғызылған. Бұл орын келешекте жақсы демалыс орталығына айналады деп сенеміз.
Д.Қоқышов, Ақсай ауылдық әкімдігінің бас маманы