Депутаттар Алтынсаринде
Осы жылы ауылдарды ауыз сумен қамтуға Қостанай облысында қомақты қаражат бөлінді. Ауыл мен қалалық су нысандарын салуға 9,3 млрд теңге бюджет қазынасынан берілді. Айта кету керек, астықты аймақта 550-ге жуық елді мекен болса, соның үштен бірі ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен ауыз су мәселесі біртіндеп өз шешімін табуда.
Тобыл өңіріне жұмыс сапарымен келген бір топ депутат – Ирина Аронова, Иван Клименко мен Альберт Рау «Nur Otan» партиясының жалпыұлттық «Qutty meken» жобасы аясында Алтынсарин ауданына қарасты Докучаев ауылындағы су құбырларын жүргізу жұмыстарымен танысты.
– «Аймақтарды дамыту – 2020» бағдарламасы аясында мұнда 20 шақырым құбыр тарту көзделуде. Жобаның жалпы құны 779 млн теңгені құрайды. Әзірге бірінші ұңғыманың құрылысы басталды. Нысанда 40 адам жұмыс істеуде. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады, – деді Алтынсарин ауданының әкімі Ерлан Жаманов.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қостанай облысында сумен қамту, су тарту жүйелерін салу, жаңарту бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 2011-2016 жылдар аралығында Қостанай облысында құны 34 млрд теңге болатын 75 жоба жүзе асты. Нәтижесінде 1,1 мың шақырым құбыр жаңартылды.
– Докучаев ауылындағы су жүйесі маңызды жобалардың бірі. Су тарату жүйелері арқылы биыл Докучаев пен Шоқай ауылдарды сумен қамтылатын болады. Ауыз су мәселесі Қостанай облысында шешіліп келеді. Мысалы, өткен жылдың өзінде сумен қамтитын 25 нысан жөндеуден өтіп, 9,3 млрд теңгеге су тартылды. 12 ауыл 60 мыңнан астам тұрғын облыс бойынша тіршілік нәріне қол жеткізді ,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Аронова.
2015-2019 жылдар аралылығында Қостанай облысында 15 жоба жүзеге асқан. «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары осылайша өңірдің өзекті мәселесін оңтайлы шешіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар бәсеңдемек емес.
Одан кейін халық қалаулылары «Зуев» ЖШС-де болды. Жұмысшылармен тілдесіп, хал-жағдайларын сұрады. Қызметкерлер үшін мұнда бар жағдай жасалған. Жалақылары да жақсы. Жұмыс сапары аясында, депутаттар Зуев орта мектебіне де бас сұқты. ІТ-сыныбында жаңа технологиялардың тілін меңгеріп жүрген оқушылармен әңгімелесті.
Әсел ҚИБАШ