Домбыраның күмбірінен тұлпардың дүбірі естілген күн
Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік шаралар еліміздің барлық түкпірінде шілденің алғашқы күндерінен басталып, кең көлемде тойланып жатыр. Былтырғы жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Бұл да қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында қолға алынған игі шара екені анық. Елордамыздан бастау алған мереке барлық өңірде салтанат құруда. Тіпті, шет мемлекеттердегі қандастарымыз бен сапарға шығушыларымыз да ұлттық байырғы аспабымызға көрсеткен құрметін ән-күй, жырмен жеткізіп, әлеуметтік желінің қазанын қайнатып жібергендей. Ал биыл 7 шілде – айдың бірінші жексенбісіне келгендіктен, елордадан бастап Қазақстанның барлық өңірінде ауқымды шара күй күмбірлетті, ән шырқатты, жыр әуелетті.
Қостанайдағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы саябағы жағалауы да жексенбі күні халыққа лық толы. Тұлпардың дүбірі мен домбыраның күмбірін естісе елеңдеп тұратын еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін осы жерден табылып жатыр. «Ұлттық мұра–домбыра» атауымен өткен мерекелік думанның сахнасы мерекелік күннің тақырыбына сай безендірілген. І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері сомдаған домбыра тарихынан сыр шертетін театрландырылған көрініс, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның оркестрі даланы шарықтатқан ән-күй шаһар аспанын нағыз думанға бөлегендей.
Мерекелік беташар құттықтау сөз арнаған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов соңынан қолына баба аспапты алып, әннен шашу шашты.
Бұған дейін Ұлттық домбыра күні мерекесі қарсаңында ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, дарынды жастарға шығармашылық қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Ұлттық мұра–домбыра» атты облыстық байқау-фестивалінің іріктеу кезеңі өткен болатын. Мұнда Қостанай облысының аудандары мен қалаларынан танымал, дарынды дәстүрлі әншілер, жыршы-термешілер және күйшілер қатысып, бақтарын сынады. Байқаудың бірінші кезеңінен сүрінбей өтіп, іріктелген 24 өнерпаздар бүгінгі өнер додасына үш номинация бойынша жолдама алып отыр. Терме-толғау атылымы бойынша Алтынсарин ауданынан қатысқан Торғын Қабдырашова, дәстүрлі ән номинациясы бойынша рудныйлық Жасұлан Өтемұратов, күй аталымынан қостанайлық жас өнерпаз Дінмұхамед Санай жеңімпаз танылды. Қатысушылардың барлығына естелік сыйлықтар және жекелеген орындаушыларға атаулы сыйлық ретінде домбыра тарту етілді. Жеңімпаздар арнайы дипломмен және 70 мың теңгемен, екінші, үшінші орын иегерлері 50 мың және 30 мың теңгемен марапатталды.
"Ұлттық мұра–домбыра" атты дүбірлі думанында «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы көрермендерге викториналық сұрақтар қойылды. Бұл сұрақ қою ойынында да алғашқы болып жауап жазғандар бағалы сый-сияпатқа ие болды.
Мерекелік думаннан бөлек сахна сыртында киіз тігіліп, облыстық тарихи-өлкетану, Ы.Алтынсарин атындағы мұражайлардан әкелінген көне және белгілі тұлғалардың домбыралары қойылған. Олардың арасында ұлт-азаттық көтеріліс сардары Амангелді Имановтың, қазақ өнерінің падишаһы, халық әртісі, жерлесіміз Серке Қожамқұлов пен Халық ақыны Әсия Беркенованың да мұралары бар. Суретшілер мен қолөнер шеберлері де өз бұйымдарын көпшілік алдына алып келіпті.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Домбыра – қазақтың қасиетті дүниесі, өзің тарта алмасаң да, қадірлей біл, себебі, баланың бойына халықтың рухани байлығын сіңіру домбырадан басталады» деген екен. Қазақтың киіз үйі, қара домбырасы және айтыс өнері әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде "ЮНЕСКО" тізіміне енгені белгілі. Табиғаттың үнін, тұлпардың дүбірін, адамның сырын шанағынан төгілткен домбыра жыл сайын осылай ұлықтала беретін болады.
Суреттер әлеуметтік желілер мен WatsApp мессенджерінен алынды.