Сандық ТВ-ның сарсаңы
Редакциямызға Леонид Скубицкий есімді Қостанай қаласының тұрғыны хабарласып, сандық телеарнаға көшуден машақат тартып отырғанын хабарлады. Мекен жайын жазып алып, үйіне бардық. Жетпіске аяқ басқан қария аналогтық телехабар таратудан цифрлық жүйеге ауысқанымыз сол еді, екі сағаттан соң көк жәшік көрсетпей қалды дейді:
– Мен өмір бойы қазақстандық, соның ішінде облысымыздың телеарналарын көріп, жаңалықтарын тыңдап келе жатқан жанмын. Бірінші шілдеден бастап телехабар тарату цифрлық форматқа көшеді деген соң «OTAU TV» ресиверін орнататын арзан фирма іздедім. Телефон нөмірін тауып алып хабарлассам, алматылық компания жауап берді. Үйімде қаларалық байланыс болмағасын, ұялы телефоннан хабарласуға тура келді. Ар жағынан «оператордың жауабын күтіңіз» деп басталатын дыбыстық хабарламалар біраз уақытым мен теңгерімімді жеп қойды. Одан кейін операторлар маған Қостанайдағы ресивер сататын дүкендердің нөмірлерін берді. Біреуі құрылғыны орнатып бергенін есептегенде 6 мың, енді бірі 5 мың теңге сұрайды. Сол арзан деген 5 мың (приставка 4200) теңгенің ресиверін Виктор есімді маман орнатып беріп кетті. Алайда екі сағаттан кейін теледидар мүлде көрсетпей қалды. Амалым құрып, Алматыға телефон соғып жатқанда, «оператордың жауабын күтіңізді» күтемін деп телефонымдағы теңгерімім таусылды да қалды. Басқа фирмаға хабарлассам, олар жөндеу жұмысына 2,5 мың теңге сұрады. Болмағасын, «Қостанай таңы» газетінің редакциясына хабарласып отырмын, – дейді базынасын жеткізген зейнеткер.
Айтпақшы, Леонид Скубицкий тілшілерге хабарласып болған соң ресиверді орнатып берген Виктор есімді шеберге қайтара телефон шалып, газетке шағымын айтқанын жеткізеді. Біз қарияның үйіне барғанша, олар олқылықты жөндеп кетіпті.
– Мен қалада тұрамын, бірдеңе дұрыс болмаса, шақыра қоятын мамандар бар. Ал мұндай жағдай ауылдағы қаншама адамның басына келуі мүмкін ғой. Олар не істемек? Тағы бір мәселе – құрылғының бағасы мен қызмет көрсетудің алшақтығында. Неге бір жерде арзан, екіншілері қымбат? Осының ортақ бір бағасы деген болмай ма? – дейді қария.
Леонид Николаевич құрылғы сатып алған «Луч+» дүкеніне біз де хабарласып едік, дүкенші бұл жайттан хабардар екенін жеткізді. Айтуынша, цифрлық көрсетілімдегі ақауға үйдегі электрдің шамадан тыс артып кетуі себеп болуы мүмкін. «Маман хабар тарату желісін қайта жүктеп, ретке келтіріп берді» дейді сауда орнының өкілі.
Біз алдағы уақыт осы мәселені назарға алып, цифрлық телеарнаға жауапты мекемемен байланысып, олардың жауабын алатын боламыз.
Қыдырбек Қиысхан