ЖЕР ТЕЛІМІН ДАУЛАҒАН ҚАРИЯ
Ендігі үміті кімде?
Біздің редакциямызға Әулиекөл ауданының тұрғыны, еңбек ардагері Қазкен Оспанов шағымданып келді. Бір бума қағазын құшақтап, автобуспен сүйретіліп келген тоқсандағы қарияның мұндай күйге түсуіне не күн туды? Айтуынша, құзырлы органдар ол кісінің шағымына құлақ аспай отырған көрінеді. Он жыл бойы көршісімен жер телімін бөлісе алмай келе жатқан қарияның бұл мәселесін аяқасты қалдырмайық, істің анық-қанығына көзімізді жеткізіп келейік деген мақсатпен біз де арнайы ауданға барып қайтқан едік…
Қазкен ата аудан орталығындағы екі қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатынан үш бөлмелі пәтерді сонау 2005 жылы сатып алыпты. Бірақ, өзі басқа үйде тұрғандықтан бұл пәтерде уақытша қызы отбасымен тұрған көрінеді. Кейін қызы басқа жаққа көшіп кеткен соң, әрі жүріп-тұруы қиындаған қария бірінші қабаттағы пәтеріне 2012 жылы өзі көшіп келеді. Бірақ, ол кісі он жылдан бері өзіне тиесілі сарай мен терезесінің алдындағы үш метрдей жерді үстіңгі қабатта тұратын көршісі Р.Буквичтің заңсыз иемденіп алғанына наразы. Көршімен арадағы екеуара келіспеушілік әлі күнге дейін басылар емес.
-Жалпы, екі қабатты тұрғын үйдегі жерлер бәрімізге ортақ болуы керек. Ал, бұлар жерді сонау 2007 жылы заңдастыру кезінде өздеріне аударып алыпты. Онысымен қоймай, қора жақтағы бәрімізге ортақ аралық септіктің үстіне монша салып алды, ал септік сол моншаның ішінде қалып қойды. Мұның заңсыз екені алғашқы сотта дәлелденген болатын, бірақ заңға бағынып жатқан бұлар жоқ. Заңдастыру кезінде өтініш бергенде екі сарайды, оған қоса сол жердегі екі гаражды бір гараж қылып өзіне аударып алған. Ал, шындығында ол сарай мен гараждың біреуі маған тиесілі. Әрі менің тереземнің алдындағы үш метр жерді де заңсыз тартып алып отыр. Олардың бұл жерлерді заңдастырғанын біз көршілері білген де жоқпыз, құжаттарда біздің келісім бергенімізді растайтын қолымыз да қойылмаған. Бұл жерді даулап келе жатқаныма бірнеше жыл болды, енді маған қыр көрсеткен түрлері болуы керек, септікті бітеп, маған су жібермей, салдарынан үйімнің төбесінен су ағып, қаншама шығынға батырды. Бұл жылда қайталанатын көрініс. Алғашқы соттарда менің қолымда дәлелдейтін ешқандай құжаттар болмады. Сондықтан, құзырлы органдардың бәрі Буквичтің құжаттарына қарап, “бәрі заңды” дегеннен әріге аса алмады. Осы іспен бармаған жерім, баспаған тауым қалмады, қаншама құзырлы органның есігін тоздырдым. Қазір менің қолымда да дәлелді құжаттар пайда болды, сондықтан әлі де ізденемін, – дейді аудан тұрғыны Қазкен Оспанов.
Іс бітті, қу кетті…
Біз жер мәселесі бойынша аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дүйсенбек Боранбаевтан сұрап білген едік. Буквичтің бұл жерді заңсыз аударып алғандығын ол кісі де мойындап отыр. Себебі, мұның бәрі кезінде заңдастыру құжаттарына немқұрайлы қараған комиссияның кінәсінен болып отырған жағдай көрінеді. Яғни, олар жерді барып, көрмей-білмей қол қоя салған. Дегенмен, заңдастыру өтті, іс бітті.
-Бұл кісінің жерді даулап келе жатқанына біраз жыл болды. Буквич бұл жерді заңдастыру кезінде өзінің атына аударып алған. Ал, шындығында екі қабатты тұрғын үйлердің жерлері жекеге заңдастырылмайды, өйткені ол жеке сектордағы үй емес, сондықтан жалпыға ортақ болып саналады. Мен ол кезде аталған бөлімде бас маман болып істедім. Сол жылы 11 мыңға жуық адам мүлкін заңдастырған болатын. Әрине, он жеті адамнан құралған комиссия мүшелері жерді барып көрмей, кімге тиесілі екендігін де анықтамай, қол қоя салған. Мүмкін, толып жатқан құжаттардың арасында байқамай кетіп қалуы да мүмкін ғой. Бұл жерде жалғыз Буквичтің ғана емес, комиссияның да кінәсі бар, – дейді Д.Боранбаев.
Жер дауы, құбыр дауына ұласты
Әділдік іздеп сенделген сарыжілік қарияның бұл мәселесінен аудан, село әкімдері де хабардар екен. Бірақ, олар ақсақалдың жер дауына көмектесе алмайтындықтарын, ал септіктің бітелуі туралы шағымына байланысты қолдан келген көмектерін аямайтындықтарын айтады. Тіпті, ол кісінің арыз-шағымы бойынша арнайы келіп, тексеріс те жүргізіпті.
-2017 жылдың 30 мамырында біздің селолық әкімдікке ақсақалдың атынан кәріз құбыры бітеліп, салдарынан үйдің ішіне су кетіп жатқандығы жөнінде шағым түскен болатын. Ол кісі хатта көршісі Раиса Буквичтің жарылған кәріз құбырларын жөндеуге қарсылық танытып, келіспей жатқандығын, сондықтан осы көршілердің рұқсатын алуды және шығынды бағалауымызды сұраған. Осыған орай, аудандық “Нұр Отан” партиясы төрағасының басшылығымен арнайы комиссия да құрылды. Комиссиямен бірге біз де келіп, өз көзімізбен көріп кеттік. Тексеріс кезінде анықталғандай, төрт пәтерлі үйде тұратын Оспанов, Буквич, Кондрашинаның, яғни үш пәтер иелерінің кәріз құбырлары ортақ та, тек бір пәтердікі ғана жеке екен. Осы ортақ құбыр Қазкен ақсақалдың пәтері арқылы өтеді, құбыр бітеліп қалғанда су осы үйге ағып, асүйдің еденін зақымдаған. Осы күні төрт пәтердің де иелерін шақыртып, жиналыс өткіздік. Ортақ құбырлары бар көршілердің бәрі қарияның шығынын өтеуге келісетіндіктерін айтты. Бірақ, ақсақал қарсы болып отыр. Ол кісіге айттық, енді бұған келіспеген жағдайда тек сотқа ғана жүгіне аласыз деп. Себебі, біздің ауданда мүлік шығынын бағалайтын мекемелер жоқ, – дейді село әкімі Досбол Құсайынов.
Үй сатып алмай тұрып көршісін сұра…
“Жаман көрші көңіліңді қалдырар, жақсы көрші жұлдызыңды жандырар” демекші, көршісінен әбден көңілі қалып, ашуға булыққан ақсақал құбырды әдейі бір жерінен бітеп тастаған деп отыр. Себебі, ондай жағдай бір-екі рет басынан өткен көрінеді.
-Бұл бірінші рет болып отырған жоқ, мұның алдында да осылай екі рет үйдің ішіне су кетіп, тексергенде құбырдан шүберек шықты. Ондай жағдай кейін де қайталанды. Үшінші рет қайталанғанда мен полиция шақырттым, кейін пышақ кескендей тыйылған еді. Кейін тағы да осындай жағдай қайталанды. Содан адамдарды жұмылдырып, терезенің алдындағы құбырды қаздыртқан едім, құбырдың ішінен тағы да шүберек шықты. Бұл не қылған бітпейтін шүберек. Заңсыз заңдастырып алған жерінің сырын ашқан соң, маған әдейі істеп отыр, – дейді ақсақал.
Біз осы жер мен септік дауына сеп болған “атақты” көршімен де тілдестік. “Есебін тапқан, екі асар” демекші, Раиса Буквич те жерді заңды түрде аударып алдым деп міз бағар емес. Сөз арасында көзіне жас алған ол он жыл бойы қариямен арпалысудан шаршағандығын, тіпті түрлі жаламен құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырғандықтан аудан жұртшылығына да масқара болдық деп отыр.
-Бұл кісінің шағымы бойынша септік орналасқан жерге бөлек қақпа істедік. Кейін ол ұнамайды деді, оны да алып тастадық. Шарбақ істедік, оны да ұнатпады. Он жыл бойы осылай арпалысып келеміз. Септік дұрыс емес, алдыңғы есіктің маңдайшасы ұнамайды, анау-мынау деп, үнемі көңілі толмайды. Ол кісі өзі мұнда тұрмайды да, қызы тұрған, кейін ол басқа жаққа кетті де, пәтерді жалға беріп қойды. Биыл 23 наурызда пәтер жалдап тұрып жатқандар көшіп кетті. Сол күні пәтердегі құбыр жарылып, үйлерін су басқан болатын. Оны да бізден көрді. Гаражымды алып қойды дегені де өтірік, өзі жалға беріп отыр. Ал, сарайды қайтардық. Кезінде заңдастыру болғанда біз де заң бойынша алақандай осы жерді заңдастырып алған едік. Бұл кісілер де заңдастырып алуға болар еді, оған кім кінәлі. Олар ай қарап жүргенде, біз заңдастырып алдық, сол үшін кінәліміз бе? Енді өздері жасай алмаған соң, бізді заңсыз аударып алды деп он жыл бойы кінәлап келеді. Мазақ қылғандай, бармаған жері жоқ. Астанаға да, облыстағы мекемелердің де есігін тоздырды. Бізді жамандап, нешетүрлі айтпаған сөздері де қалмады. Бізге бұл үйді кезінде күйеуім аудандық атқару комитетінде қызмет істегенде берген болатын. Содан бері 44 жыл бойы осында тұрып келеміз. Балаларымыз да осы үйде өмірге келіп, осында өсті. Тіпті, үстімізден қылмыстық іс те қозғатты. “Менің қолымда 99 дәлелді құжат бар, сендерді бәрібір отырғызамын” деп үнемі өзімізге қоқан-лоқы көрсетеді. Септік бітелсе болды, оны да бізден көреді. Жарайды, миымыз тыныш болсын деп кейбір шығындарын өтеуге де келістік. Ал, ол болса еденімді ауыстырып бер, ананы-мынаны жөндеп беріңдер деп еш көнгісі жоқ. Біз енді үйіне еурожөндеу жасап бермейтін шығармыз. Есігі де бөлек, кедергі келтіріп жатқан жоқпыз. Біздің жердің көлеміндей жер ол кісіде де бар. Бізге тағатын бар айыбы сол, “жерді заңсыз айналдырып алдыңдар, менің жерімнен жер қосып алдыңдар” дейді. “Жер ортақ” деп қоймайды, өзінде де қаншама жер бос жатыр, соны неге пайдаланбайды, барлық жерді біз алып қойып, ол кісі бау-бақша сала алмай, не гаражын пайдалана алмай қиналып отырса бір сәрі, қызғаныштан істеп отыр мұның бәрін, – дейді ақсақалдың көршісі Р.Буквич.
P.S. Біз ақсақалдың қолындағы осы мәселеге орай, соттың да, прокуратураның да, ауыл әкімінің де, т.б. құзырлы орындардың берген жауабының көшірмесін көрдік. Бәрі де бұл кісінің шағымының негізсіз екендігін, көршісінің жер телімін заң бойынша заңдастырып алғандығын айтқан. Ал, септік мәселесіне келсек, аудан да, село әкімі де тегін тазартып беруге уәде беріп отыр. Көршілері де кеткен шығынды өтейміз деп келісімін берген. Бірақ, “дүние-мүлікті бағалап беріңдер” деген сөзінен қайтпай отырған қарияның мұнымен де келіскісі жоқ. Асылы, ақсақал жер телімін заңсыз аударып алған Буквичтің ортақ жерді қайтармайынша, мұнымен тоқтамайтындығын айтады. Жақында ақсақал аудандық сотқа “алаяқтық” деген жаламен көршісінің үстінен қайта арыз түсірген көрінеді. Сондықтан, он жыл бойы бітпей келе жатқан бұл даудың соңына қашан нүкте қойылары да белгісіз. Кімді дұрыс, кімдікі бұрыс? Дегенмен, сот әділ шешімін шығарады деген үміттеміз.
Қарлығаш ОСПАНОВА
Суреттерді түсірген А.Жүзбай